Егістік пен жайылым суға қанығады
Ауданда су шаруашылығын дамыту және егістік пен жайылымдарды сумен қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды жұмыстар қарқын алды. Биыл аймақтағы маңызды ирригациялық жүйелерді реконструкциялау және механикалық тазалау жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.Жобаның негізгі бағыты – қашыртқыларды жаңғырту. Ауданның сол жағалауындағы 1-ГД, 2-ГД және К-3-2 қашыртқылар жүйесі қайта жаңартылып, механикалық тазалаудан өтеді. Жалпы ұзындығы 89,94 шақырым болатын арналар тазартылып, 6 аумаққа 19 жаңа насос орнатылады. Қызылқұм ауылдық округіндегі «Нартай» каналын тазалау арқылы «Жуанбалық» учаскесіндегі суармалы жерлер мен жайылымдарға су еркін жететін болады. Жобаның жалпы құны 2 миллиард 405 миллион теңгеден асады. 2026 жылға республикалық бюджеттен 801,832 миллион теңге қарастырылған.
Судың игілігі – шаруаның берекесі. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысымен танысып, мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді. Әкімнің айтуынша, бұл жобалардың атқарар маңызы зор.
– 2-ГД қашыртқысын тазалау арқылы Өркендеу және Аранды ауылдық округтеріндегі егістік алқаптарынан суды тиімді шығару мүмкіндігі артады. Ал «Нартай» каналы шабындық және жайылымдық жерлерді суландыруға, нәтижесінде халықты мал азығымен, яғни шөппен тұрақты қамтамасыз етуге тікелей ықпал етеді, – деді аудан басшысы.
Жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру арқылы халықты мал азығымен, соның ішінде шөппен қамтамасыз ету мәселесінің маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу керегін жеткізді. Жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Қазіргі таңда мердігер мекемелер жұмысты жоспарға сай жалғастыруда. Атқарылып жатқан шаралар жердің өнімділігін арттырып, жергілікті шаруалардың тынысын ашпақ.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ













