Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол апаты: статистика емес, адам тағдыры

Жол апаты: статистика емес, адам тағдыры

Сараптама

Соңғы жылдары тас жолдарда орын алған жол-көлік оқиғалары қоғамды бейжай қалдырмай отыр. Жыл сайынғы статистика – жай ғана цифр емес, бұл үзілген тағдырлар, әр отбасының қайғысы. Неге дамыған технологиялар заманында жол қауіпсіздігі ең өткір мәселеге айналды? Біз бұл сауалға сараптамалық тұрғыдан жауап іздеп көрдік.
Фото inbusiness.kz

Статистика не дейді?

Қазақстанның жолдарындағы жағдай – «соғыс даласын» еске салады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл сайын мыңдаған адам ЖКО салдарынан көз жұмады. Әсіресе, республикалық және аудандық маңызы бар тас жолдардағы апаттардың салдары өте ауыр. Жылдамдықты асыру, мас күйінде рөлге отыру, қарсы бағытқа шығу – бұл «үштік» апаттардың басты себепкері ретінде қала береді. Алайда тек жүргізушілерді кінәлау мәселенің бетін ғана сипау болып табылады. Қазақстанда жол-көлік оқиғалары саны азаяр емес. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, өткен жылы елде адамдар зардап шеккен 36,1 мың жол апаты тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 14,4%-ға көп. Ал 2015 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе жоғары. Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының күрт артуы салдарынан зардап шеккендер саны да тарихи ең жоғары деңгейге жетті. Өткен жылы жол апаттарынан 51,6 мың адам жапа шеккен, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 18,6%-ға көп.Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті зардап шеккендерді екі санатқа бөледі: жарақат алғандар және қаза тапқандар. Ең көп үлесті жарақат алғандар құрайды. Өткен жылы жол апаттары салдарынан 49,2 мың жүргізуші мен жолаушы түрлі дене жарақатын алған. Бір жылдағы өсім – 20,4%, ал соңғы он жылда жарақат алғандар саны екі есеге артқан. Ал жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны мұндай тұрақты өсімді көрсетіп отырған жоқ. Қазақстанда жыл сайын жол апаттарынан 2 мыңнан 2,6 мыңға дейін адам көз жұмады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2,3 мың адамды құрады. Сонымен қатар, соңғы бір жылда қаза тапқандар саны 9,7%-ға азайған.

Қауіпке қарсы қам

Қазіргі таңда қауіпсіздік шараларының күшейтілгеніне қарамастан, жол-көлік оқиғаларының азаяр түрі байқалмайды. Бұл түйткілдің өзектілігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше мәрте атап өткен болатын. Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында және «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты бағдарламалық мақаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жасанды интеллект пен заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталды. Көлік ағынының өсуі және инфрақұрылымға түсетін салмақ. Мемлекет басшысының пікірінше, апаттардың көбеюіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – автокөліктер санының қарқынды өсуі. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, жаһандық деңгейдегі трендке айналып отыр. Ресми деректерге жүгінсек, еліміздегі көлік тіркелімі соңғы бес жылда 1,7 миллион бірлікке артса, тек бір жылдың ішінде көлік саны 300 мыңға көбейген. Оның үстіне, еліміз арқылы жыл сайын шамамен 3 миллион транзиттік көлік өтетінін ескерсек, жол инфрақұрылымына түсетін жүктеменің қаншалықты ауыр екенін аңғару қиын емес. Мамандардың пайымдауынша, көлік санының артуы – апат қаупінің де тікелей өсуіне алып келеді.

Аймақтағы апат

Қызылорда облысында жалпы пайдаланылатын автожолдардың ұзындығы 3418,5 шақырымды құрайды. Олардың ішінде республикалық маңызы бар жолдар 1014,5 шақырымды, облыстық маңызы бар жолдар 555 шақырымды құрайды. Қызылорда облысында кешенді профилактикалық іс-шаралардың күшейгеніне қарамастан өткен жылы жол-көлік оқиғаларының саны 47,9% (978-ден 1446-ға) артқан. Одан 109 адам қаза тауып, көрсеткіш 5,8%-ға, жарақат алғандар саны 54,9%-ға (1247-ден 1932-ге) көбейген.Талдау нәтижесі көбіне жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы жол-көлік оқиғаларына әкелетінін көрсетті. Атап айтқанда, жолда жүру ережесін бұзудың 305 мыңға жуық дерегі анықталса, оның 176 мыңнан астамы — жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқықбұзушылықтар. Осыған байланысты қауіп-қатер жоғары учаскелерде, адамдар шоғыры көп жаяу жүру өткелдерінде кезекшілік күшейтілген.Өңірде жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде анықтайтын стационарлық жүйе желісі кеңейген. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 10 «Sunqar» құрылғысы іске қосылған.Одан бөлек, бейнебақылау қондырғыларының саны көбейді. Қазіргі таңда облыс орталығы мен барлық аудандық полиция бөлінісінде жедел басқару орталықтары 888 бейнебақылау камерасымен қамтылған. Штаттық режимде жұмыс істеп тұр. «Қауіпсіз қала» жобасы аясында облыс орталығына 1400 бейнебақылау камерасы, 20 зияткерлік қиылыс, 58 стационарлық жылдамдық өлшегіш орнатылған.

Төрт түлік әкелген трагедия

Төрт түлікке келгенде Қызылорда облысындағы халықаралық автодәліз бойы да қауіпті. Қараусыз жүрген мал көп. Әсіресе түнгі уақта қауіп күшейе түседі. Ал малды байлап қоя алмайсыз. Бақташы бірде бар, бірде жоқ. Үй жануарларының қатысуымен 2025 жылы 17 жол-көлік оқиғалары тіркеліп, соның салдарынан төрт адам қайтыс болған болса, 25 адам дене жарақаттарын алған. Ал ағымдағы жылы үш жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан бес адам дене жарақатын алып отыр. Жалпы үй жануарларын жаю қағидаларын бұзу дерегі бойынша 2025 жылы 1104 тұлғаға, ал ағымдағы жылы жыл басынан бастап 48 тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бірінші бөлігімен әкімшілік шаралар көріліп, айыппұлдар салынған. Мысалы, Қызылорда-Түркістан бағытындағы тас жол толықтай темір тормен қоршалған. Соның нәтижесінде мал қағу деректері бұл маңда біршама азайған. Мамандар мұндай қоршауларды өзге бағыттарға да кезең-кезеңімен орнатуды жоспарлап отыр.

Түйін:

Тас жолдағы трагедия – бір ғана адамның емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Біз жолдарымызды тек асфальттаумен емес, адам өмірін бағалайтын мәдениетті қалыптастыру арқылы ғана қауіпсіз ете аламыз. Әрбір «Абайлаңыз!» деген белгі, әрбір қауіпсіздік белдігі – бұл жай ғана ереже емес, ертеңгі күніміздің кепілі.

Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ

20 мамыр 2026 ж. 99 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930