Қызыққа толы қорытынды кеш
Таңғажайыптың әсем ордасына айналған «Шағала» балаларды сауықтыру лагері биыл да аудан оқушылары үшін жемісті еңбек етті. Олардың жазғы демалыс уақытын қызықты өткізу мақсатында түрлі шаралар, спорттық ойындар, тәрбиелік маңызы бар жұмыстар жасағандығы әрбір баланың жүрегінен ойып орын алды деуге толық негіз бар.
Сейсенбі күні «Шағала» лагерінің биылғы маусымының жабылу салтанаты болып өтті. Шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған бір топ ел ағалары қатысты.
Балалар мен жасөспірімдердің демалыс уақытын тиімді өткізіп, олардың жан-жақты болып қалыптасуына зор ықпал етіп отырған лагерь кешінде аудан басшысы сөз сөйлеп, балалар мен ұстаздар қауымына ізгі тілегін білдірді.
– Осындай керемет жерде сіздердің демалыстарыңыз көңілді өтті деп есептеймін. Жаңа оқу жылын жаңа ізденіспен, құлшыныспен бастайтындарыңызға сенімдімін. Оқушылардың жайдары жазда ойдағыдай тынығып, денсаулықтарын шыңдап, жаңа оқу жылына әзірлікпен баруына үлес қосқан педагог-кадрлар мен техникалық қызметкерлерге ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, кәсіпкерлер мен демеушілерге ел-халықтың атынан алғысымды айтамын, – деді аудан әкімі.
Мұнан соң, кеш қонақтары балдырғандардың ән мен биін тамашалап, өнерлі өрендердің қолымен жасалған көрме жұмыстарымен танысты. «Арман кемесіне» барып, арман-тілектерін айтып, естелік суретке түсті. «Алау» алаңында алау жағу рәсімі өткізіліп, мерекелік от-шашу ұйымдастырылды.
Е.ТАБЫНБАЕВ