Қазақстанда бидай мен күріш алқабы ондаған мың гектарға қысқарады
Фото: freepik.comБиыл елімізде бидай мен күріш алқаптары қысқартылып, оның орнына жүгері мен картоп егістігі ұлғайады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов биыл елдегі жалпы егіс көлемі 23,8 миллион гектар болатынын мәлімдеді. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға көп. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын әртараптандыру және су ресурстарын үнемдеу мақсатында кейбір дақылдардың егіс көлемі қайта қаралған.
“Биыл бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 миллион гектар болады. Сонымен қатар су ресурстарына түсетін жүктемені азайту үшін күріш егісі 20,2 мың гектарға қысқартылады. Ал тамшылатып суару технологиясы қолданылатын мақта алқабы 29,8 мың гектарға ұлғайтылады”, – деді вице-министр.
Өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін жүгері егісі 265 мың гектарға дейін кеңейтіледі. Сонымен қатар картоп алқабы тағы 10 мың гектарға ұлғаяды. Егіс науқанына жасанды интеллект енгізіледі
Вице-министрдің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 8%-ға жеткізілмек. Қазір тракторлар мен тұқым сепкіш техникалар толық дайын. Соңғы уақытта техникалардың тозу деңгейі 10%-ға төмендеген. Ал отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемі 22% артқан. Ал биыл ауыл шаруашылығы жұмыстарына арнап 9,9 мың техника шығару жоспарланып отыр.
Көктемгі егіс жұмыстарына 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Оның жартысынан көбі өңірлерге жөнелтіліп қойған. Елдің тұқымға деген қажеттілігі 2,3 миллион тонна деп бағаланды.
Министрлік қазақстандық ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруда цифрландыруға басымдық беріп отыр. Қазір егіс науқаны туралы мәліметтерді жинайтын электронды платформа пилоттық режимде жұмыс істейді. Болашақта жүйеге жасанды интеллект технологиясын енгізу жоспарланған.













