Шегіртке ауыл шаруашылығы дақылдарына зақым келтірген жоқ – министрлік
Фото: pixabay.com
Қазақстанда ауыл шаруашылығы алқаптарын шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бес мыңға жуық маман жұмылдырылды
Шегірткеге қарсы уақытылы және сапалы күрес шараларын ұйымдастыру – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі.
Биыл үйірлі шегірткелерге қарсы қорғау шаралары 2,7 млн гектар аумақта жүргізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 мың гектарға аз. Бүгінгі күні барлық өңірде өңдеу толық аяқталды, – деді спикер.
Мониторинг тиімділігін арттыру мақсатында зерттеулерге 4625 маман жұмылдырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сондай-ақ Жол картасы әзірленіп, іске асырылды.
Жалпы 443 арнайы техника, соның ішінде 24 жеңіл авиация ұшағы, 31 аса жеңіл авиация техникасы, 49 агродрон пайдаланылды.
Зиянкестер көрші елдерге өткен жоқ
Өңдеу барысында қолданылған барлық препарат қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді және жоғары биологиялық тиімділікке ие.
Шара қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына, сондай-ақ шегірткенің көрші мемлекеттердің шекаралас аумақтарына көшуіне жол берілген жоқ, - деп мәлімдеді АШМ мамандары.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытаймен бірлескен зерттеулер, онлайн-кеңестер және шегірткенің таралуы бойынша деректер алмасу тұрақты түрде жүргізіліп отырды.