Мемлекеттік қызметкерлерге салмағы мен сырт келбетіне қатысты талап қойыла ма: Агенттік өкілі жауап берді
Фото: freepik.comМемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметкерлерге сыртқы келбет пен дене дайындығына қатысты талап қойыла ма деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистер агенттік өкілінен мемлекеттік қызметкерлердің дене бітіміне қатысты талап бар ма деп сұрады.
“Қорғаныс министрлігінде қызметкерлердің дене дайындығына қойылатын талаптар бар. Бұл олардың имиджіне де, жұмысына да қажет. Мысалы, полиция қызметкерінде қылмыскерді қуып жетуі үшін артық салмақ болмауға тиіс. Ал мемлекеттік қызметкерлерге сыртқы келбетке қатысты талаптар енгізіле ме?”, – деген сұрақ қойылды.
Мүксімовтың айтуынша, қазіргі заңнамада мемлекеттік қызметке үміткерлердің денсаулығына қойылатын талаптар бар. Денсаулыққа қатысты сырқаттар тізбесін Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді.
Сонымен қатар ол наркологиялық немесе психиатриялық есепте тұрған адамдар мемлекеттік қызметке келе алмайтынын айтты. Бұдан бөлек, кейбір санаттағы қызметкерлерге қатысты шектеулер де бар.
Оған қоса лудоманиямен ауыратын азаматтарға да шектеу қойылған.
“Құмар ойындарға тәуелді, яғни лудомания дерті бар адамдарға мемлекеттік қызметке тыйым салынған”, – деді агенттік өкілі.
Мемлекеттік қызметке қабылданарда үміткер құмар ойын орындарына бармау туралы міндеттемеге қол қояды. Бұл мәлімдеме тіркеліп, оған мұндай ойындарды ойнауға тыйым салынады.
Сонымен қатар агенттік өкілі мемлекеттік қызметкерлерге сыртқы келбет пен дене дайындығына ортақ талап енгізу жоспарда жоқ екенін мәлімдеді.
“Мұндай талаптар, тыйымдар мен шектеулер тек атқаратын қызметтің сипаты мен міндетіне қарай қойылуы мүмкін”, – деді Мүксімов.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда шенеуніктердің орташа жалақысы 440 мың теңге екенін жазған едік.










