Қызылордада жыр мен әділет үндестігі: республикалық жыршы-термешілер байқауы өз мәресіне жетті
Қызылорда қаласында «AMANAT» партиясы бастамасымен «Ұлттық мұра» жобасы аясында «Әділетті заң – әділетті қоғам» тақырыбындағы жыршы-термешілердің республикалық байқауы жоғары деңгейде өтті.Ауқымды мәдени іс-шараны Қызылорда облысының әкімдігі, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық департаменті және «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.
Байқаудың басты мақсаты – ұлттық өнерді ұлықтау, дәстүрлі жыр-терме мәдениетін дамыту және қоғамда әділеттілік, заң мен тәртіп құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Өнер додасына Астана, Шымкент қалалары мен Павлодар облысы, Қарағанды облысы, Ақтөбе облысы және Қызылорда облысынан келген 10 өнерпаз қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады.

Бірінші кезеңде қатысушылар «Заң мен тәртіп» қағидасына негізделген жаңа туындыларын ұсынса, екінші кезеңде өз репертуарындағы үздік шығармаларын орындады. Қазылар алқасы орындаушылық шеберлік, мақам-сазды меңгеру, дәстүрлі мектеп ерекшеліктерін сақтау және шығарманың мазмұнын аша білу деңгейі бойынша бағалап, үздіктерді анықтады.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Ерлан Рысқалиға бұйырды. Бірінші орынды қарағандылық Дидар Қамиев иеленсе, екінші орын Марат Сүгірбайға табысталды. Ал үшінші орынды Рамазан Мұхамбетқазы (Ақтөбе облысы) мен Бөкен Жігер (Павлодар облысы) бөлісті. Қалған қатысушылар да қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шараның ашылуында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ал марапаттау рәсімінде сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қатысушыларды құттықтап, байқаудың маңыздылығына тоқталды.
«Бұл байқау — жыр-терме дәстүрін дәріптеумен қатар, заң мен тәртіп қағидаларын кеңінен насихаттаған маңызды рухани алаң болды. Ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды ұлықтау – партия жұмысының басым бағыттарының бірі», – деп атап өтті.
Сондай-ақ ол жыршылық өнердің сабақтастығын сақтай отырып, оны заман талабына сай дамыту, қоғамдағы өзекті мәселелерді терме арқылы жеткізу – байқаудың негізгі мақсаты болғанын жеткізді.
Жалпы додада орындалған әрбір жыр – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір, ұлт рухының үнін жеткізген асыл мұра болды. Сыр елінде өткен бұл рухани кеш жыр мен әділетті қатар өріп, көрермен жүрегіне терең әсер қалдырды.














