Облыстық жыршы-термешілер фестивалі өтті
Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Сыр бойы жыраулық дәстүрінің ірі өкілі, жампоз жырау Сары (Қитарбек) Рахметовтің есімін ұлықтауға арналған «Сағымнан сарын оздырған» атты жыршы-термешілер фестивалі өтті.
Шараның мақсаты – ұлттық мәдениетімізді, өнерімізді және дәстүрімізді дәріптеу мен насихаттау арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарымызды дамыту.Облыстық деңгейде ұйымдастырылған фестивал - ұлттық өнердің мәйегі болып табылатын жыр және терме жанрын дамыту, жыр және терме өнерін жастардың арасында таныстыруды да көздейді. Жыр өнеріне еңбегін сіңіріп, терін төккен тұлғаларға құрмет көрсету, жастарды жыр-термелер арқылы ізеттілікке тәрбиелеу және көне дәуірдің күмбірі арқылы халықтың рухани сауаттылығын арттыру да насихатталды.
Шараны «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева ашып, жырау Қитарбек (Сары) Рахметовтің өмір дастаны туралы айтып өтті. Сонымен бірге, ұйымдастырылған шараның маңыздылығы мен партияның «Ұлттық мұра» жобасының өзектілігіне тоқталды.
Фестивальге 14 пен 35 жас аралығындағы 8 жыршы-термешілер қатысты.
Сондай-ақ облысымызға белгілі жыраулар Ақтөбен арнайы келген Жолымбетов Демеубай және жерлестеріміз Сәрсенбаева Майра, Ахметов Руслан, Құлтасов Әділхан, Бейімбетова Шолпан, Төлеубаев Бисенбектер жыр сүйер қауымға жыр-толғауларын ұсынды.
Облыстық деңгейде ұйымдастырылған фестивальге қатысушы жас жырауларға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының дипломы, жампоз жырау Сары Рахметовтің аты жазылған ұлттық аспап домбыра және «Ұлы мұрат - ұлт мұрасы» атты естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.
Сонымен қатар, өнер сүйер көрермендерге термелерін арнаған жырауларға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының арнайы Алғыс хаты табысталды.