Ұялы телефондар нөміріне қатысты ел тарихында болмаған өзгеріс күшіне енеді
Қазақстанның қаржы жүйесіндегі "жылымық" дәуірі аяқталуға таяу.
Фото: freepikБанктер бұдан былай сіздің келісіміңізді алмай-ақ, меморгандардың алғашқы талабымен қарыздарыңызды мәжбүрлі түрде шотыңыздан шешіп ала береді. Осы және басқа да жаңашылдықтарға өмірге жолдама беретін құжат қабылданды.
Бұл құжат – жай ғана бюрократиялық реттеу емес, бұл бұқара мен бизнестің банкпен қарым-қатынасын өзгертетін, мемлекеттің бақылау құзыретін күрт ұлғайтатын ресми қадам.
"ҚРҰБ басқармасының кейбір қаулыларына төлемдер және ақша аударымдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталатын Ұлттық банк басқармасының жаңа қаулысы және жаңа ережелер 2026 жылғы 26 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.
Түзетулер азаматтардың банктермен өзара әрекеттесу тәртібін өзгертеді және Қазақстан халқының цифрлық операцияларына мемлекет тарапынан бақылауды күшейтеді.
Биометрия: саусақ ізінің "тізгіні" кімде?
Қазіргі кезде қазақстандықтар мобильді банк қосымшасына 4 саннан тұратын құпия сөзді теріп, еркін кіре береді. Жұрттың көпшілігі тіпті саусақ таңбасын да бекітпейді.
Ал, жаңа ереже банктерге қашықтан қызмет көрсету кезінде клиенттің жеңілдетілген сәйкестендіру-идентификациялау әдістерін пайдалануына мүмкіндік беруіне тоқтау салғалы тұр. Өйткені иесінің қандай 4 санды тергенін көрген алаяқ оның қалтафонын ұрлап алып, қарау ниетін жүзеге асыруы мүмкін.
Әрине, тәжірибеде тонаушы қыз не жігіт құрбанын ұйықтатып тастап, немесе бір ұрып сұлатып, естен танып жатқан адамның саусағы арқылы мобильді банкингін пайдаланып кететін қылмыс түрі тіркелуде. Бірақ бұл енді банктердің бас ауруы емес.
Сондай-ақ шот ашу процесі өзгереді. Ол үшін бет-жүзіңізді цифрландырады. Қашықтан ресімдеу кезінде банктердің бәрі мемлекеттік жүйелер арқылы биометриялық сәйкестендіруді қолдануға тиіс болады. Яғни, енді шотты онлайн ашу тек мемлекеттік жүйе арқылы ғана мүмкін болады.
"Банктік шот ашу арқылы қашықтықтан іскерлік қатынастар орнату кезінде банк Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда жұмыс істеуі көзделген Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы арқылы клиентке биометриялық сәйкестендіру жүргізеді", – делінген құжатта.
Процедура орталықтандырылған сипатқа ие, ал, клиентті тіркеу мүмкіндігі тікелей бірыңғай мемлекеттік тізілім жұмысының тұрақтылығына байланысты болады. Онда ақау шықпасын делік, шықса, бүкіл банк қызметі тоқырауы мүмкін. Мұның бәрі негізінен, алаяқтыққа тосқауыл қоюға бағытталған деп дәйектелді.
Ұялы телефоныңыз – ресми төлем реквизиті
Ұлттық банк QR-кодтарды, биометрияны және телефон нөмірлерін ресми түрде толыққанды төлем деректеме-реквизитіне теңестірді. Осы құралдар арқылы жасалатын барлық банкаралық операциялар енді "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңмен реттеледі.
Бұл өзгеріс бақылаушы-қадағалаушы құрылымдарға қажет. Жаңашылдық құқықтық олқылықтарды жояды және мобильді транзакцияларды классикалық ақша аударымдарымен теңестіріп, қаржылық мониторинг үшін ашық етеді.
"Балама сәйкестендіргіш деп жекелеген реквизит-деректемелер, оның ішінде клиентті сәйкестендіруге және төлемдерді және ақша аударымдарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін әріптік-цифрлық символдар түсініледі. Банк штрих-кодты, биометриялық сәйкестендіру құралдарын, балама сәйкестендіргіштерді пайдалана отырып, банкаралық төлемдерді және ақша аударымдарын банкаралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы жүргізеді", – делінген құжатта.
Құзырлы органдар үшін сіздің әрбір ақша аударғаныңыз саусақ іздеріңізбен бірге алақандағыдай анық көрініп тұрады. "Қап, мұны бір алаяқ аударып жіберіпті ғой!" деп жалтара алмайсыз.
Шоттағы "шежіре": барлық "күнәңіз" – бір анықтамада
Банктік анықтамада сіздің барлық қарыздарыңыз және сізге қатысты қойылған тыйымдар көрсетілетін болады.
Банктік үзінді көшірмелердің мазмұнына қойылатын талаптар қатайтылды. Енді әрбір азаматтың не компанияның әлдебір қаржылық ұйымда шотының бары туралы анықтамада түрлі шектеулер туралы егжей-тегжейлі ақпарат да қамтылуға міндетті.
Бұған салынған тыйымдар, бұғаттау-тұтқындаулар, ауыртпалықтар және тіпті орындалмаған инкассалық өкімдер де кіреді. Жеке немесе заңды тұлғаның бюджет немесе үшінші тұлғалар алдында өтелмеген қарыздары болса, ол бұрынғыдай балансының "таза" екені туралы құжат ала алмайды.
Сарапшылар мұның сот орындаушыларының жұмысын жеңілдету үшін жасалып отырғанына назар аудартуда. Бұған дейін мысалы, банктік көшірмеде (выписка) тек ақша қалдығы мен қозғалысы ғана көрініс табатын.
Үнсіздік – келісім: шотты қотарудың "автопилоты"
Ең басты жаңалық – банктердің меморгандар алдында тізе бүгіп, бас июі. Жаңа түзетулер шот иесінің растауынсыз қаражатты есептен шығару негіздерін кеңейтті. Банктер мемлекеттік органдардың, бірінші кезекте кеденшілердің және салықшылардың төлемді өндіріп алу туралы талаптарын лезде орындауға міндетті болады.
"Банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру немесе банктік шоттағы ақшаға тыйым салу уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың клиенттің банктік шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтату тұру туралы шешімдері және өкімдері немесе клиенттің банктік шотындағы ақшаға тыйым салу туралы актілері негізінде жүзеге асырылады", – делінген құжатта.
Банктік карталар мен шоттарды бұғаттауға негіздер кеңейтілді. Арасында салықтар, кедендік төлемдер, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешек, өсімпұлдар мен пайыздарды өтемеу, бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындамау, тіпті тексерілетін тұлғаның өз объектісіне тексерушілерді жіберуден бас тартуы, сондай-ақ салық төлеушінің тіркеу деректерінде көрсеткен мекенжайында болмауы және басқа да қаптаған себептер бар.
Қолданылу аясы: Салық кодексі, Кедендік реттеу кодексі, Қылмыстық-процестік кодексi, Азаматтық кодекс, Азаматтық процестік кодексі, сонымен қатар банктерге, төлем жүйелеріне, атқарушылық iс жүргiзуге және сот орындаушыларына қатысты сегіз бірдей заңнамалық акт.
Басқаша айтқанда, банктер заңды негіздер болған жағдайда, мысалы, сот шешімі шықса, салық органдарының талабы болса, немесе атқарушылық іс жүргізу аясында, ақшаңызды еш рұқсатсыз алып қоя алады. Мұндай жағдайларда қаражат қожайынымен "қош айтыспай" басқаның бодауында кете барады.
"76. Салық кодексінің 185 және 186-баптарында, Кеден кодексінің 129 және 130-баптарында, Әлеуметтік кодекстің 256-бабында, "ҚР банктер және банк қызметі туралы" заңының 61-бабында, Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның 58-бабында, "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңының 31-бабында, Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда және банктік шот шартында көзделген жағдайларда банктің орындау үшін қабылдаған төлем құжаты не ақша жөнелтушінің келісімінсіз орындалатын төлем құжаты негізінде банк ақша жөнелтушінің банктік шотынан ақшаны есептен шығарады", – деп жазылған қаулыда.
Сонымен қатар, банктер тыйым салулар мен бұғаттауларға тезірек ден қоюға, сондай-ақ ақпаратты меморгандарға барынша шұғыл беруге тиіс. Жаңа жағдайда олардың жеке сот орындаушыларына және әділет органдарына жауап беруіне небары 3 жұмыс күніне дейін ғана уақыт беріледі.
Бұл жүйеде клиент – тек процесс объектісі, ал, субъектілер – банк пен мемлекеттік бақылаушы.









