2026 жылдан бастап мектептер мен балабақшаларға ескертусіз тексеріс жүргізіледі
2026 жылдан бастап мектептер мен балабақшаларға ескертусіз тексеріс жүргізіледі
Сурет: istockphoto.com
Сурет: istockphoto.comЖаңа жылдан кейін құзырлы органдар мектептерді, балабақшаларды, мектеп-интернаттар мен лагерьлерді күтпеген жерден тексере алады.
Қазақстанда 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап балаларға арналған ұйымдарды мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жаңа жылдан кейін құзырлы органдар мектептерді, балабақшаларды, мектеп-интернаттар мен лагерьлерді күтпеген жерден тексере алады. Алайда кенеттен жасалатын тексеріс тек мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарды ғана қамтиды.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, балаларға тамақ, тұратын орын, білім, тәрбие немесе сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды кез келген уақытта — қызмет көрсету басталғанға дейін де, қызмет көрсету кезінде де тексеруге болады.
Мемлекеттік бақылау «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңымен реттеледі. Ол бақылаудың арнайы тәртібін бекітіп, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтеді.
«Кенеттен тексерістерді енгізу балалардың қорғалуын, мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Енді уәкілетті орган заң бұзылғаны туралы сигнал түскен жағдайда өз шешімімен сол ұйымға тексеріс тағайындап, бара алады. Сигнал түскен кезде нысанға жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі», — дейді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Айта кетсек, 4 желтоқсанда президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Жаңа нормалар 2026 жылғы 1 ақпанда күшіне енеді.













