Қалың мал мен мәһірді шатастырып жүрген жоқпыз ба?

Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында сан ғасырлық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып маңызды рөл атқарды. Соның бірі — үйлену салтына қатысты «қалың мал» ұғымы. Ал ислам дінінде осыған ұқсас «мәһір» деген түсінік бар. Екеуінің сыртқы ұқсастығына қарамастан, мәні мен мақсаты жағынан едәуір айырмашылық бар, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қалың мал: дәстүрлі ұғым
Қалың мал — қазақ халқының дәстүрінде күйеу жігіттің отбасы қалыңдықтың ата-анасына беретін заттай немесе ақшалай сыйлығы. Ол ежелден келе жатқан салт және негізінен әлеуметтік-экономикалық мәнге ие. Қалың малдың мөлшері әр ру, өңір, отбасының жағдайына байланысты әртүрлі болады. Бұл қаражат қыздың жасауына жұмсалуы мүмкін немесе ата-анасы өз қажетіне пайдалана алады.
Қалың малдың басты міндеті — екі жақтың арасындағы келісімді бекіту, қыздың ата-анасына «қыз өсіріп, тәрбие бергені» үшін ризашылық білдіру, әрі болашақ құдалықтың негізін қалыптастыру. Дегенмен қазіргі кезде қалың мал кейбір аймақтарда әлеуметтік қысым мен материалдық талаптың бір түріне айналып кеткені де жасырын емес.
Мәһір: шариғаттағы міндет
Мәһір — ислам дінінде неке қиылған кезде күйеу жігіттің қалыңдыққа арнап беретін сыйлығы. Бұл сыйлық тек қалыңдықтың өзіне ғана тиесілі және оны ешкім иелене алмайды: не ата-анасы, не күйеуі, не туыстары. Мәһір — әйелдің Алла Тағала тарапынан берілген құқығы.
Құранда бұл жайлы былай делінеді:
«Әйелдерге мәһірлерін шын көңілмен сыйлық ретінде беріңдер...»(Құран, «Ниса» сүресі, 4-аят)
Мәһірдің мөлшері міндетті түрде қымбат болуы шарт емес — ол қыздың немесе оның өкілдерінің қалауымен келісіліп белгіленеді. Ақша, алтын, зат, үй, тіпті діни білім үйрету сияқты рухани сыйлық та болуы мүмкін. Ең бастысы — мәһірді шариғат бойынша міндетті деп тану және оны неке шарттарының бірі ретінде қарастыру.