СЫРҒА СЕРПІН СЫЙЛАҒАН ТӨРТ ЖЫЛ

Кейде уақыттың өзі сөйлейді. Артық сөзді қажет етпей, атқарылған істің салмағын, өзгерістің ауқымын, еңбектің нәтижесін үнсіз-ақ айқындап тұрады. Ондай сәтте құрғақ есептен гөрі елдің көңілі, жұрттың бағасы, көзбен көрген өзгеріс әлдеқайда шынайы өлшемге айналады.
Қызылорда облысында соңғы төрт жылда қалыптасқан ахуал дәл осындай кезеңнің көрінісі. Бұл жай ғана даму емес, бұл бағыттың айқындалуы, сенімнің нығаюы, ілгерілеудің жүйелі сипат алуы. Осы өзгерістердің қайнарында өңір тізгінін ұстаған Сырдың төл перзенті Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтің басқарушылық ұстанымы мен елге қызмет етудегі табанды еңбегі жатқанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Төрт жыл бұрын, дәл осы күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалып, Сыр жұртшылығы жаңа кезеңге үлкен үмітпен қадам басқан еді. Сол үміт бүгін нақты нәтижеге айналды. Өңірдің экономикалық тынысы кеңейіп, әлеуметтік келбеті жаңарып, халықтың ертеңге деген сенімі нығая түсті. Кейде тек жоспар ретінде айтылатын бастамалар бүгінде нақты іске асып ел мерейін көріп отыр. Бұл дегеніміз басқарудағы жүйеліліктің, сөз бен істің бір арнада тоғысуының айқын көрінісі.
Сараптап отырсам, еліміз тәуелсіздік алып, әлемдік кеңістікке қадам басқан алғашқы жылдар Қазақстанның барлық өңірі үшін күрделі сынақ кезеңі болғаны анық, сол сын сағатта Қызылорда облысын басқарған әкімдер де өтпелі дәуірдің ауыртпалығын еңсеріп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын тұрақтандыру жолында қал-қадірінше аянбай еңбек етті. Тәуелсіздік жылдарынан бері Сыр өңірін тоғыз әкім басқарса, бүгінде осы жауапты міндетті мерейлі оныншы әкім ретінде Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев абыроймен атқарып келеді.
Ел үшін аянбай еңбек еткен азаматқа халықтың ықыласы мен елдің ризашылығынан асқан баға жоқ, ал Мемлекет басшысының сенімі мен оң бағасы сол еңбектің дұрыс бағытта екенінің айқын дәлелі, әрі алдағы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруға күш-жігер беретін маңызды фактор. Осы тұрғыдан алғанда, Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтің атқарған жұмысы Мемлекет басшысы тарапынан бірнеше мәрте жоғары бағаланып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылғы 10 қазанда, 2025 жылғы 30 қазанда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарларының барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына оң баға беріп, жұртшылықпен кездесуінде облыстың ілгері дамып келе жатқанына ерекше тоқталып өтіп, аймақ басшысының еңбегіне ризашылығын білдірді. Бұл қолдау 2026 жылғы 20 қаңтарда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда да өз жалғасын тауып, Президентіміз Сыр өңірінің соңғы жылдары заман талабына сай өсіп-өркендеп келе жатқанын, ішкі жалпы өнімнің 6,5 пайызға артқанын, үш жыл ішінде өңірге 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылып, бірқатар ірі жобалардың жүзеге асқанына тоқталды. Әсіресе, стратегиялық маңызы бар жаңа жылу электр орталығының іске қосылуы, халықтың сапалы ауыз сумен толық қамтылуы, газдандыру деңгейінің артуы, автожол, әуе және теміржол инфрақұрылымының жаңғыртылуы, «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы мен теміржол вокзалының жаңаруы, сондай-ақ 200-ден астам білім, мәдениет, спорт және медицина нысандарының салынуы өңірдің жан-жақты дамуының нақты көрінісі ретінде бағаланды. Нәтижесінде, Мемлекет басшысы Қызылорда облысының барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, осы жетістіктерді Нұрлыбек Машбекұлының белсенді әрі табанды жұмысының жемісі ретінде жоғары бағалады.
Аймақ басшысының атқарған ауқымды еңбегін тарата айтып, әр саланы жеке-жеке талдап шығу бұл жазбаның көлеміне сыймасы анық, дегенмен нақты нәтиженің айқын көрінісі ретінде бір ғана облыс бюджетінің өсіміне назар аударсақ та жеткілікті. Нұрлыбек Машбекұлы қызметке кіріскен тұста, яғни 2022 жылдың сәуірінде облыс бюджеті 391,4 млрд теңгені құраса, 2023 жылы осы көрсеткіш 609 млрд теңгеге, 2024 жылы 749,3 млрд теңгеге, 2025 жылы 809,1 млрд теңгеге дейін ұлғайып, ал 2026 жылдың сәйкес кезеңінде 728,2 млрд теңгені құрап отыр, сәйкесінше 2022 жылмен салыстырғанда өсім 2023 жылы 155 пайызды, 2024 жылы 191 пайызды, 2025 жылы 206 пайызды, ал 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 186 пайызды көрсетіп отыр. Бұл жай ғана сандар тізбегі емес, оның әрбірінің ар жағында өңірдің өркендеуіне бағытталған жүйелі саясат, тынымсыз еңбек пен нақты нәтижеге негізделген басқарушылық шешімдер тұрғанының айқын дәлелі.
Қазіргі уақытта өңірде барлық сала бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен құрылыс жұмыстары аз емес, дегенмен олардың ішінен 2026 жылы іске асырылатын ең маңызды бастамаларға тоқтала кеткен жөн болар. Президентіміздің қолдауымен өңірде соңғы жылдары бірқатар маңызды нысандар салынды және жаңа жобалар жүзеге асуда. Осы ретте, Мемлекет басшысы аймағымызға Ұлттық Құрылтайда келген сапарында Қызылорда қаласынан Президенттік кітапхана ашу, жаңа драма театр мен 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салу, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізінің Қызылорда – Ақтөбе арасын төрт жолақты етіп кеңейту, сондай-ақ «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын бастауды тапсырды.
Бүгінде Президенттің ел әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларын облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев аймақта ұтымды үйлестіріп, өңірдің іскер азаматтарын маңызды жобалар аясындағы құрылыс жұмыстарын мерзімінен кешіктірмей сапалы жүргізуге жұмылдыруда, аталған істер өз кезегінде өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.
Әрине, мұндай өзгерістердің бәрі бір ғана көрсеткішпен өлшенбейді. Оның негізінде басқару мәдениеті, талапшылдық, жауапкершілік және ең бастысы халықпен сенімге құрылған ашық диалог жатыр. Нұрлыбек Машбекұлының жұмыс стиліндегі осы ерекшелік өңір дамуының басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Халық даналығында «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын»,- дейді. Бүгінгі Сыр өңіріндегі оң өзгерістер соны айтуға тұрарлық нағыз жетістік. Бұл бір адамның емес, тұтас елдің бірлескен еңбегі, бірақ сол еңбекті үйлестіре білген басшының орны әрқашан айрықша.
Қорыта айтқанда, төрт жыл – қалыптасу кезеңі емес, нәтижені көрсеткен, сенімді нығайтқан, бағытты айқындаған уақыт. Бұл кезең Сыр өңірін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, оның болашақ дамуына мызғымас, өшпес негіз қалап берді.
Алдағы уақытта да осы даму қарқыны сақталып, ел сеніп, үміт артқан Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтің бастауымен Қызылорда облысы жаңа белестерді бағындырып, бұдан да биік жетістіктерге жететініне жерлестеріміз кәміл сенеді.
Сырда сергек істер, халықшыл бастамалар көп болсын!














