Каналдар цифрландырылады
Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту шеңберінде оңтүстік өңірлерде ауқымды цифрландыру жұмыстары қолға алынды. Жалпы ұзындығы 968 шақырым болатын, 65 мың гектар жерді суаратын 103 ирригациялық каналды автоматтандыру басталды, деп жазады Egemen.kz.
Бұл бастама су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған жүйелі реформаның бір бөлігі. Сонымен қатар бұған дейін реконструкциядан өткен ұзындығы 1184 шақырым болатын 270 канал автоматтандырылып жатыр. Бұдан бөлек, ирригациялық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру үшін 264 жобаға арналған жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Аталған жобалар шеңберінде автоматтандыру элементтері мен заманауи су есептеу жүйелерін енгізу көзделген.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бұл жұмыстар елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
«Министрлік цифрлық құралдарды ұштастыра отырып, су ресурстарын басқарудың кешенді, көпдеңгейлі жүйесін қалыптастырып жатыр. Мұндай тәсіл экономиканың түрлі салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, елдің су қауіпсіздігін нығайтуға және өмірлік маңызы бар ресурсты болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді», деді министр.
Бүгінде министрлік әзірлеген Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі 22 мың су нысанын қамтып отыр. Оның ішінде 17 мыңнан астам өзен, 4 мыңға жуық көл және гидротехникалық нысандардың 60%-ы цифрлық жүйеге енгізілген. Жыл соңына дейін 6 мыңнан астам каналды цифрландыру және гидротехникалық нысандарды қамту деңгейін 100%-ға жеткізу жоспарланған.
Жеті өңірде каналдарды тазарту жұмыстары басталды
Сонымен қатар елде бірыңғай су балансы қалыптастырылмақ. Бұл жүйе су шаруашылығы учаскелері бөлінісінде нақты су ағынын, су қоймаларындағы жинақ көлемін және суды тұтыну деңгейін өзара салыстыруға мүмкіндік береді.
Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Гидротехникалық құрылысжайлар мен су нысандарының жай-күйі тұрақты бақылауға алынып, ғарыштық мониторинг пен гидробекеттердің деректері интеграцияланып жатыр. Бұл су ресурстарын басқарудағы ашықтықты арттырып, төтенше жағдайлардың алдын алуға жол ашады.












