Ресей билігі ірі компаниялардан VPN қолданушыларын шектеуді талап етті
Ресей билігі пайдаланушылардың құрылғыларындағы VPN қызметтерін анықтауға бағытталған жаңа талаптарды енгізіп жатыр. Осыған байланысты Цифрлық даму министрлігі Сбер, Яндекс, VK, Wildberries, Ozon және өзге де ірі компанияларға тиісті ұсыныстар жіберді, деп хабарлайды Egemen.kz.Аталған компаниялар 15 сәуірге дейін VPN қолданатын пайдаланушыларға қолжетімділікті шектеуі тиіс. Талап орындалмаған жағдайда оларға санкциялар қолданылуы мүмкін, соның ішінде IT-аккредитациядан айыру және «ақ тізімдерден» шығару қарастырылған.
VPN-ді анықтау негізінен IP-мекенжайларды, геолокацияны және пайдаланушының интернеттегі әрекетін талдау арқылы жүргізіліп жатыр. Алайда бұл жүйе толық дәл нәтиже бермей, кейбір қателіктерге жол беріп отыр.
Ең басты қиындық iPhone құрылғыларымен байланысты болып отыр. Apple компаниясының iOS жүйесіндегі қауіпсіздік саясатына сәйкес, қосымшалар VPN-ді тікелей анықтай алмайды. Соның салдарынан мұндай құрылғыларда VPN-ді анықтау мүмкіндігі айтарлықтай шектеулі.
Мамандардың айтуынша, бұл мәселе бақылау шараларының тиімділігіне әсер етіп, жүйенің толық жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отыр. Осылайша, қазіргі таңда iPhone пайдаланушыларының VPN қолдануын нақты анықтау қиын болып отыр.









