Қазалыда кең ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді
Бүгін аудан аумағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, елді мекендердегі зираттар мен бірқатар қоғамдық орындарда тазалық жұмыстары жүргізілді.Аталған шара барысында ең алдымен аудан аумағындағы зираттар, олардың айналасы бей-берекет шашылған қоқыстардан тазартылды. Бұдан бөлек, елді мекендердің шет аймақтары, жол бойлары, қоғамдық орындар мен бос жатқан аумақтар да қамтылып, кең көлемде санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Тазалық акциясына аудан бойынша 120 мекемеден жалпы саны 1233 қызметкер белсене қатысып, 10 арнайы техника жұмылдырылды. Ұйымдастырылған жұмыстар нәтижесінде 18,1 тонна бей-берекет тасталған қоқыс жиналып, арнайы белгіленген орындарға шығарылды.
Тазалық жұмыстарын аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аралап көріп, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аралау барысында бірқатар кемшіліктерге назар аударып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Алдағы уақытта тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып, санитарлық жағдайды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Жалпы, бүгінгі тазалық шарасы – тек бір күндік жұмыс емес, ол әрбір тұрғынның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Қоршаған ортаның тазалығы – баршамызға ортақ міндет әрі келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Сондықтан аудан тұрғындарын тазалықты сақтауға, туған жерге жанашырлықпен қарауға шақырамыз.














