Қызылорда облысында жылу беру маусымы аяқталды
Қызылорда облысында 2025-2026 жылғы жылу беру маусымы кезең-кезеңімен аяқталды.
Фото: Freepik
Фото: FreepikОблыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы хабарлағандай, 1 сәуірде Қызылорда қаласы, Арал, Жаңақорған, 2 сәуірде Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары жылудан ажыратылды. Қалған екі ауданда — Қазалы мен Шиеліде 5 сәуірде аяқталады.
- Жылу беру маусымында 1079 әлеуметтік нысан мен орталық жылуға қосылған 909 қөпқабатты тұрғын үй үздіксіз жылумен қамтамасыз етілді. Облыс бойынша тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеді. Жылу сыртқы ауа температурасына сәйкес берілді. Қазіргі таңда жылу желілері мен жылу энергия қазандықтарын температуралық және гидравликалық сынақтан өткізіп жатырмыз.
Алдағы жылғы жылу беру маусымын сенімді және тұрақты қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорынның негізгі және қосалқы қондырлығарын жөндеу кестесі әзірленді, - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Тахир Нәдірбек.
Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің облыстық департаменті күзгі-қысқы кезең тұрақты, штаттық режимде өткенін мәлімдеді.
- Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілген. Электр станциялары жүйелік оператор бекіткен режимге сәйкес жұмыс жасап тұр. Өткен жылы энергетикалық кәсіпорындардағы жөндеу науқаны белгіленген мерзімде және тиісті сапамен аяқталды. Электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар 57%-ға, электр желілерінде 5,5%-ға төмендеді, - деді департамент басшысының міндетін атқарушы Тұрарбек Бадаев.
Жылу беру маусымы қала әкімінің шешіміне сәйкес былтыр 8 қазанда басталды.
Осы кезеңде Қызылорда жылу электр орталығына тиесілі 20 автономды блок-модульді қазандықтың 18-і штаттық режимде жұмыс істеді.
- Жылу берудің температуралық режимі бекітілген температуралық кестеге сәйкес болды. Сәуір мен мамыр аралығында қаланың жылу жүйелері жоғары қысымды сынақтан өткізіледі. Енді алдағы жылу беру маусымына дайындықты бастаймыз, - деді кәсіпорын филиалының директоры Хасанғали Иманғалиев.
Бұған дейін біз Алматыда жылу 3 сәуірде біртіндеп өшіріле бастайтынын жазған едік.














