Қазалы аудандық Прокуратурасында Наурыз мерекесі тойланды
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Қазалы аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен тағылымы мол, мәдени шара өтті. Прокуратура ғимаратының ауласында ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер тігіліп, сахнада халқымыздың салт-дәстүрін дәріптейтін көріністер мен креативті пролог ұсынылды. Шара барысында көпшілік көрісу дәстүрін жаңғыртып, әжелер шашу шашып, ақжарма тілектер айтылды.Мерекелік шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Елімізде, өңірімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың басшылығымен атқарылып жатқан игі жұмыстар жайында тілге тиек етті.
- Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Әз-Наурыз – елдігімізді айшықтайтын, бірлігімізді бекемдейтін, береке мен татулықтың ұлы мейрамы. Биыл – еліміз үшін, өңіріміз үшін айрықша мәні бар, тарихи маңызды жыл болды. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басты.
Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес елімізде биыл 15 наурыз күні өткен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына арналған республикалық референдумда Сыр өңірінің халқы жоғары азаматтық белсенділік танытып, ел бірлігінің жарқын үлгісін көрсетті. Президентімізге, мемлекетіміздің тұрақты дамуына, Ата Заңымызға және ел басқарудағы әрбір бастамаларға деген сенімінің айқын дәлелін көрсеткен бұл игі істе қазалылықтардыңда қосқан үлесі зор. 15 наурыз – Конституция күні ретінде еліміздің ең басты мерекесі ретінде қабылданып, халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енетін болады. Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыс әкелсін. Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын, - деді аудан әкімі.
Мерекелік шарада Қызылорда облысының Құрметті азаматы «РЗА»АҚ-ның президенті Самұрат Имандосов мерекеге жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін жекізіп, елдің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тіледі.
Шарада мерекелік бағдарлама аясында сахналанған қойылымдар арқылы табиғаттың жаңаруы, ұлт рухының жаңғыруы және ұрпақ сабақтастығы кеңінен көрініс тапты. «Қыс» пен «Наурыз» бейнелері, қыран құс символы және ұлттық билер көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар әуелете ән шырқап, күй күмбірлетті. Ұлттық аспаптар үнімен әрленген думанды кеш қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, Наурыз мерекесінің шынайы рухын сезінуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ шара барысында мереке аясында өткізілген ұлттық спорт түрлерінен сайыста жеңіске жеткен азаматтар аудан әкімінің арнайы «Дипломымен» марапатталды.

















