Ақтан батыр ауылында Наурыз мерекесі тойланды
Бүгін Ақтан батыр ауылында Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мейрамы ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Көктемнің шуақты мерекесіне жиналған ауыл тұрғындары ұлттық құндылықтарды ұлықтап, бірлік пен татулықты дәріптеді.«Ұлыс оң болсын!» атты мерекелік жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, ақтандықтарды мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің мерекесі – Ұлыстың ұлы күні Наурызбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрі мен рухани құндылықтары жаңғыратын ерекше кезең. Биыл еліміз үшін маңызды тарихи шешімдер қабылданған жыл болды. Мемлекет басшысының бастамасымен ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басып, маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Осы игі бастамаларға ауыл тұрғындары да белсене қатысып, ел бірлігінің үлгісін көрсетті. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – деді аудан әкімі.


Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауылдың гүлденуіне, елдің ынтымағы мен бірлігіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хаттары» табысталды.
Мереке аясында ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен көрсетіліп, көрермендер бесікке салу, тұсау кесу, қыз ұзату рәсімдерінің көріністерін тамашалады. Бұл көріністер жас ұрпаққа ұлттық тәрбиенің мәнін ұғындыруға бағытталды.
Айтулы мереке ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, ән мен күйден шашу шашылды. Көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарқап, Наурыздың шаттығын бірге бөлісті.














