Ауылдық округтерде Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті
Бүгін Қазалы ауданына қарасты ауылдық округтерде де Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кең көлемде тойлануда. Табиғат жаңарып, тіршілік атаулыға жан бітетін бұл мереке ауыл тұрғындарын бірлік пен татулыққа ұйыстырып отыр.Мерекелік шараларға аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары арнайы қатысып, ауыл тұрғындарына аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың Наурыз мерекесіне арналған ыстық ықыласты құттықтауын жеткізді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар мен оң өзгерістерге тоқталып, бұл бастамалардың халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Аудан тұрғындарының бірлігі мен белсенділігі – өңір дамуының басты кепілі екені ерекше айтылды.

Мерекелік шаралар аясында ұлттық құндылықтар ұлықталып, ата-бабадан мирас болған салт-дәстүрлер кеңінен насихатталуда. Ауыл тұрғындары әз-Наурыздың мән-маңызын терең түсініп, жас ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды шаралар ұйымдастыруда. Сонымен қатар ағаш көшеттерін егу шараларыда ұйымдастырылды. Мерекелік думан барысында тұсау кесу, бесікке салу, келін түсіру секілді ұлттық рәсімдер сахналанып, көпшілікке рухани-танымдық көріністер ұсынылуда.
Сонымен қатар, ауыл-аймақтарда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашуда. Ұлттық тағамдар көрмесі қойылып, тұрғындар наурыз көже мен бауырсақтан дәм татып, ақ дастархан басында қауышуда.
Бұдан бөлек, қазақтың ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, қатысушылар өзара бақ сынап, мерекенің көркін қыздыра түсті.
Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа ырыс-береке, құт-несібе әкелсін! Ел іргесі берік, жұртымыз тыныш болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!














