Жаңашылдыққа жаны құмар

Кез-келген педагогикалық білім алған жан мұғалім мамандығына ие бола алады. Ал ұстаз болып, оқушы жанынан жол табу, шынында, үлкен ізденіс, шығармашыл шыңдалу мен адамгершілік қасиеттің бір арнаға тоғысуынан қалыптасатыны қақ. Әңгіме еткелі отырған кейіпкердің жүріп өткен жолы бізге осыны ұғындырды.
Шағын ауылда өскен қыздың арманы асқақ болады. Оқушы кезінде-ақ өмірлік бағытын айқындап, ұстазы Дунаязада Шүленбайдың қиын пәннің қиысынын тауып, қызықтыратын тәсілдеріне тәнті болып қана қоймай, бойына сіңіре бастайды. Мектепті бітірісімен, өзі қалаған мамандыққа құжат тапсырады.
2003 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін бітіріп шығады. Дипломды жастың еңбектегі қадамы өзінің түлеп ұшқан Қожабақы ауылындағы №25 мектебінен басталады. Осында ол алғашқы шәкірттеріне математика ілімін ұғындырады.
2005 жылы Қазалы ауданындағы ғасырдан астам тарихы бар Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке мұғалім болып орналасады. Сол жылдан бастап осы орында өз бағытын жалғастырып келеді.
«Мұғалімдік ұдайы үйрену мен үйретуден тұратын үздіксіз үдеріс», – дейді.
Бүгінгі мұғалім оқыту мен тәрбиелеу ісін ұйымдастырушы ғана емес, балаға серік, дос, сырлас, жаңа өміршең технологияны меңгерген кеңесші қызметін атқарушы. Мұғалім ісі сырттай қарапайым көрінгенімен, адамнан ең алдымен жоғары дәрежедегі тұрақты моральдық психология-педагогикалық даярлықты қажет ететін ерекше еңбектің бірі.
Шығармашыл маман қоғамның әрбір жаңалығын жылы қабылдап, әрдайым балаларды жаңашыл ойлауға үйрету, бағалаудың тәсілдері, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану сынды жаңа тәсілдерді меңгеріп, оқушыларын өз пәнін меңгертуде.
Жас ұрпақты жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейін жоғары етіп қалыптастырып, рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбие мен білімді қатар беріп, заманауи тиімді әдіс-тәсілдер арқылы шығармашылыққа жетелеу – бүгінде ұстаздарға қойылатын басты талап. Оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнен өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруды талап етеді. Ол мұғалімнің кәсіби құзыреттілігімен тікелей байланыстылығын айтады Р.Аманова.
«Мұғалімдерге қойылып отырған басты талап – оқушылар алған білімдерін жай ғана иеленіп қоймай, оларды өмірде қолдана білуіне басты назар аудару. Сондықтан да әрбір мұғалім оқушы жүрегінен орын таба білу. Математика күрделілімен қызықты пән. Сабақ беруде кездесетін жауабы оңай табылмайтын есептерді шешу мұғалімді де, оқушыны да жұмыс істеуге жетелеп, өмірге деген ұтымды, ұстамды көзқарасын қалыптастырып, түрлі қаржылық талдаулар жасай білуге дағдыландырады», – дейді сөзінде.
Әріптестерінің айтуынша, Раиса ұстаз шәкірттерді тәрбиелеу, білім берумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.
Математиктерінің алдыңғы сапынан көрінетін беделді мұғалім мектепте математика пәні бірлестігінің жетекшісі қызметін жауапкершілікпен атқарып келеді. Өзінің ширек ғасырға жуық ұстаздық жолында бірнеше шәкірті Алтын белгі мен үздік аттестат иегерлері атанған. Жетекшілік еткен сыныптары да жақсы көрсеткіштер көрсеткен.
Мұғалім еңбегінің нәтижесі шәкірттері арқылы сараланады. Түлеткен түлектерінің алды Астана, Алматы қалалары мен еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызметтер атақарып жүр.
Өзі «Үздік шығармашылық сабақ», «Үздік сыңдарлы сабақ», «Үздік әдістемелік және дидактикалық материалдар жиынтығы», «Үздік қысқа мерзімді жоспар», «Үздік жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердің бірлестік жетекшісі», «Үздік авторлық бағдарлама», «Математикалық регата» сынды түрлі айтулы байқауларға қатысып жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған. Жұмыстары облыстық аудандық, семинарларда үздік деп танылып, әдістемесі таратылған.
Білім білік дағдыларын ұштау мақсатында ұйымдастырылатын облыстық сындарда, аудандық пәндік олимпиадаларда топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрінген шәкірттері қатары жыл санап артып келеді. Сондай-ақ «Кенгуру», «Ақбота», «Айқанат», «Мың бала», «Алтын түлек», «Алтын сақа» сияқты зияткерлік сайыстарды педагог-зерттеуші санатындағы ұстаздың оқушылары асыға күтеді екен.
Еңбегі еленіп, түрлі алғыс хаттар мен марапаттарға ие болған.
Раиса Толықболқызы отбасында қарашаңырақтың түтінін түзу түтетіп отырған ана. Құрылыс саласында жұмыс істейтін жолдасы Рахымжан Құлсейітов екеуі Раййан, Нұрасыл, Расұл, Нығмет, Хикмет атты ұлдарды тәбиелеп, көпке үлгі болып келеді.
«Мен әр баладан ұшқынды көріп тұрамын. Оны ұштау негізгі әрі өмірлік міндетім», – дейді кездесуімізде. Жүректің ісін бақытына балап, бала жаны бағбанына айналған өз ісін сүйген жанның жанында болған жарты күн ойға «Білімдік бар биікке шығар саты, Ең алғаш басталады осы адамнан», – деген ақын жолдарын оралта берді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
Фото: кейіпкер мұрағатынан