Тарих және Конституция: ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған
12 наурыз күні Қазалы қаласының тұрғындарымен жаңа Конституция жобасы талқыланды. Кездесуге жаңа Конституция жобасын түсіндіру тобы мен 200-ге жуық қала тұрғыны қатысты.Жиында аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш жаңа Конституциядағы жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі болуы және жергілікті басқаруды дамыту мәселелеріне тоқталып: «Жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет бұл құқығын халық атынан жүзеге асырады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту ауыл тұрғындарына өз өңіріндегі шешімдерге тікелей қатысу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, жаңа Конституция табиғатты қорғау және жер ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі ортақ жауапкершілікті айқын көрсетеді», – деді.
«AMANAT» партиясының Қазалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев отбасы мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесін қарастырды.
«Отбасы мен балалардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Ұсынылып отырған конституциялық нормалар отбасы институтын күшейтуге, әлеуметтік қолдауды жақсартуға және балалар мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Келешек ұрпақты тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасау – елдің болашағына жасалған инвестиция болып табылады», – деді Нұрғиса Жаппарбергенұлы.
Сонымен қатар, өзге спикерлер Ата Заң жобасының Парламенттің жұмыс тобы мен Конституциялық комиссияда жан-жақты талқыланғанын, қоғам мен сарапшылардың ұсыныстары ескеріліп дайындалғанын атап өтті. Жаңа Конституциядағы негізгі саяси жаңашылдықтар ретінде бір палаталы Парламенттің 145 депутаттан тұратыны, пропорционалды жүйе бойынша сайланатыны, өкілеттік мерзімінің 5 жыл болатыны, Қазақстан Халық Кеңесінің жоғары консультативтік орган ретінде жалпыұлттық диалог алаңы қызметін атқаратыны, ал Вице-Президенттің Президент атынан мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайтыны айтылды.
Кездесу қорытындысында қала тұрғындары сөз алып, Әділетті Қазақстанды құру әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті. Олар елдегі өзгерістерге белсенді қатысуға дайын екендерін білдірді.













