Аудан әкімі Қожабақы, Бозкөл, Кәукей және Тасарық ауылдарының халқымен кездесті
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қожабақы, Бозкөл, Кәукей және Тасарық ауылдарына барып, елді мекендердің тұрғындарымен кездесу өткізді.Аудан әкімі ең алдымен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемеұлының және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Соңғы жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында жүзеге асқан жобалар мен қолға алынған бастамалар жайында айтып, биылғы жылға жоспарланған жұмыстарды да кеңінен таныстырды. Атқарылған жұмыстар мен барлық бастамалар ел халықтың қолдауымен жүзеге асып жатқандығын айтты.
Бұдан бөлек елімізде Президентіміздің бастамасымен қолға алынған конституциялық өзгерістерге арналған республикалық референдум жайында да кеңінен сөз қозғады. Конституция – мемлекеттің дамуы мен қоғамның тұрақтылығын айқындайтын басты құжат екенін атап өтіп, онда ел болашағына әсер ететін маңызды бағыттар мен халықтың құқықтары мен мүмкіндіктері айқындалатынын жеткізді. Сондықтан алдағы 15 наурызда өтетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына арналған республикалық референдум – ел өміріндегі маңызды саяси науқан екенін айтып, ауыл тұрғындарын бірлік пен ауызбіршілік танытып, игі іске белсенді қатысуға шақырды.
Басқосуда аудан әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына да тоқталды. Бұл бастаманың мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтіп, ауыл тұрғындарын туған жердің тазалығын сақтауға шақырды.
Ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктері де түсіндірілді. Аталған жоба жеңілдетілген несик арқылы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына, табысын арттыруына және ауыл экономикасын дамытуға бағытталған тиімді бастама екенін айтылды.
Кездесу барысында аудан әкімі өңір үшін маңызды жобалардың бірі – Қарлан көпірінің құрылысы туралы да айтты. Бұл көпір құрылысы аймақ басшысының тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқанын атап өтіп, сәтін салса құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілетінін жеткізді.
Сапар барысында аудан әкімі аталған төрт ауылда орналасқан референдум учаскелерінің дайындық жұмыстарымен танысып, алдағы саяси науқанды жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселелерін пысықтады.














