Топ-баннер
Топ-баннер2
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыздардың ғұмырымен заман құтты

Қыздардың ғұмырымен заман құтты

Қазақ әйелінің қоғамдағы рөлі ерекше. Әсілінде, сан мінезді бойға жиып, еркелік пен төзімділікті қатар ұстайтын, талдырмаш келбеті әлсіз, бірақ рухы мықты батыр сол нәзікжанды емес пе? Қай заманда да әйел отбасы, ошақ қасымен ғана шектелмеген. Ол ел басына күн туғанда сауыт киіп сапқа тұрды. Даналығымен ағайын арасындағы араздықты бір ауыз сөзбен шешті. Парасатымен, ақылымен, өнеге, өсиетімен ұлт болашағын тәрбиеледі.
Қазақ әйелінің қайсар рухының бастауында Сақ патшайымы Тұмар тұр. Ол – жылулық пен жайлылықты аңсаса да, тағдырдың қатыгездігіне қарсы тұруға мәжбүр болды. Орта Азияны жауламақшы болған Кир патшаның стратегиясына қарсы күресті. Жеңді. «Аңсағаның қан еді, енді іш соны» деп Парсы патшасының басын алды. Осылайша Тұмар патшайымның әскери стратегиясы тарихта ең мықты стратег болып таңбаланды. Көзін алартқан дұшпандар сақтың әйел жауынгерлерінен сескенген деседі. Себебі батыр әйелдің рухы биік болған. Тамыры терең тарих сахнасында елім деп атқа қонған даңқты, батыр қыздардың ерлігі үзілген жоқ. Олар жаугершілік заманда қылышын сүйреп, қорамсақ толы жебе асынып, «аруақтап» жауды қашырып, қанды соғыста қаруын алып нысананы көздеді. Хан Абылайдың бас сардары Қобылан батырдың жары Гауһардың ерлігі мен тапқырлығы тарих парақтарында таспаланды. Қызы Назым да 16 жасында Түркістан түбінде көш бастап жоңғарға қарсы «Абылайлап» жауға шапты. Кенесарының қарындасы Бопай ерлермен бірге ел азаттығы үшін арыстандай айқасты. Шоқанның әжесі Айғаным елді ақылымен басқарғанын ескерсек, дархан даланың дана аналары ұлттық рухты ұрпағының бойына игі ісімен сіңіре білгеніне көзіміз жетеді.
Қазақ руханиятында анаға деген құрмет ерекше. Мұның жарқын үлгісі – Домалақ ана (Нұрилә). VII ғасырда ислам дінін уағыздаушы араб дегдарының қызы ретінде танылған ол Бәйдібек бабамыздың жары болып, елді имандылыққа ұйытты. Жау шауып, мыңдаған жылқыны айдап кеткенде, Домалақ ананың «жылқы иесі құла айғыр үйде қалса, алты күннен соң мал өзі қайтады» деген сәуегейлігі ақиқатқа айналған. Ол тек отағасының емес, бүкіл халықтың ақылшысы, дау-шардың бітімгері болған тұлға. Сол секілді Кіші жүздің мақтанышы Қаракемпір ана (Зылиха) да Дербіс батырдың беделін асырып, абыройын асқақтатқан. Қонақжайлылығы мен мәрттігі үшін халық оған «Қаракемпір» деп ат қойып, күй арнаған. Ал Найман әулетін шашыратпай, «Байдың малы, батырдың жаны ортақ болсын» деген өсиет қалдырған Әлпеш ананың еңбегі ұрпақ сабақтастығының алтын діңгегі іспеттес. Осы аналардың арқасында қазақтың рулы елі іргесін сөкпей, бірлігін сақтап қалды.
Көшпенділер мәдениетінде ер мен әйелдің рөлі екіге бөлінді. Әйел үй шаруасымен, бала қараумен шектелді. Оның күйеу таңдауға да мүмкіндігі болмады. «Әмеңгерлік» деген әлек болды. Осы желеумен ол марқұмның інісіне не ағасына қосылуына міндеттелді. Әйел теңсіздігі талай қыздың тағдырын талқандады. Алайда қазақ қоғамында өшпес із қалдырған Алаш қозғалысы мұның бар­лығына шектеу қойды.
1917 жыл. Орынборда Алаш Орданың конференциясы өтті. Мұнда әйелдің қоғамдағы рөлін саралап, шешім қабылдады. Барлығы бір тұжырымға келді. Ер мен әйелді теңестірді. Әйелдер өз серігін таңдауына ерікті болды. Тәуелсіздік алған соң әйел мәселесі жаңаша бағытта көтерілді. Арнайы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссия құрылды. Алайда бұл нарықтық экономика көбін тығырыққа тіреді. Әсілінде әйелдер жүгі ауырлады. Бала-шаға мен үйдің тірлігі де әйелдің мойнында. Оған қоса қызметі бар. Десе де ол уақытта нәзікжандылардың жұмысқа тұруы қиынның қиыны болған. Әрбір алтыншы әйелге ғана жұмыс берілген екен. Ал қазір бәрі басқаша. Заман зырғыды, үй шаруасын техника басты. Әр салада еңбек еткен әйелдер саны да, көкжиегін кеңейткен кәсіпкердің дені де – әйелдер.
Қазақ әйелі ерден биікпін демеген. Биікпін деп асқақтамайды да. Ерін бірінші орынға қойып, мерейін асырып, жамандығын жасыратын да осы әйел. Қазақтың әр қызының бойында Тұмардың рухы, Домалақ ананың даналығы бар. Текпен берілген, тәрбиемен бойға сіңген, қырық үйден тыйылып, ар алдындағы ақтығын сақтаған да – қазақ қызы. Ол да бір үйдің еркесі еді. Тайқұлындай ойнап өскен кішкентай қыз үлкен өмірге қадам басып, тағдырдың талай сынағына қарсы тұрады. Үйінде – қонақ, барған жерінде – келін. Ұрпағы үшін 9 ай тар құрсағын кеңейтіп, 10 күнін толғақпен өткізеді. Бала туылғанда түн ұйқысын төрт бөледі. 7 жасқа дейін жерден таяқ жемесін деп ізін бағады. Өсіреді. Қатарынан кем қылмайды. Өмірінің соңына дейін екі отбасының алтын көпірі болып, қартайғанша сәлемін салып, қызмет етеді. Бала үшін жанын шүберекке түйіп өтеді. Қыз ғұмыры осылай өте береді...
Қыз – құтың, жауқазындай жақұтың. Әйел – берекені әкелген әлемің. Ана – шырағыңды жаққан аяулың. Ешбірінің көңіліне түрсірмеу қажет қаяу-мұң...

Айнұр ӘЛИ
07 наурыз 2026 ж. 29 0

Алтын құрсақты ана

07 наурыз 2026 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031