Құшағына күллі әлем, күн сыйғандар
Олар алтын құрсақты аналар. Екеуі де қандай жақсылық, марапататқа да лайық, қазаққа елдің мұратын алға адымдататын ардақты ұл-қыз сыйлаған асыл жандар. Мереке қарсаңында дәстүр бойынша мақтаныштарға тағылымды тәрбие беріп, құнарлы нәрімен сусындатқан келесі қос ананың қарашаңырағына бас сұқтық.
Темір жол саласының ардагері Бақытжан Дабыловтың үйінің ұйытқысы болып отырған Ұлдай Махан – саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған тағылым иесі.
Ол халықаралық, республикалық өнер додаларының жеңімпаз, жүлдегері, дәстүрлі жыршы Ақерке Дабылованың анасы.
Қазақ халқының рухани мәдениетінде жыршы орны ерекше. Эпостық жырларды, дастандарды, қиссаларды, толғауларды жатқа біліп, домбыра немесе қобыздың сүйемелдеуімен әнге салып, мәнерлеп орындайтын өнерпаз жай ғана орындаушы емес, халықтың ауыз әдебиетінің сақтаушысы әрі таратушысы.
Арал ауданы Қаратерең ауылының тумасы Атырау Педагогикалық институтының түлегі. Ұзақ жылдар Қазалы қаласындағы «Ақерке» балабақшасында, аудандық педагогика-психологиялық кабинетте жұмыс істеген жоғары білімді педагог-психолог. Өз саласы бойынша көптеген жетістіктерге жетіп, мектепке дейінгі тәрбие саласында сан буынның шырағын жағып, санасын сәулелендіруге күш салған оның қайсарлығы мен қажырлығы көпке үлгі.
Аналық түйсік деген терең де нәзік иірім бар ғой. Кейіпкеріміз сол ұғымның шынайылығын айналысындағыларға айқындатқан абзал жан. Ел баласын түзетуі бір басқа, өз баласын биік сана, үлкен үмітімен үкілеген ардақ иесі.
Өзі туралы мақтан, көку сөзден аулақ ана туралы қызы Ақерке айтып берді.
«Анамның құрсағына біткен төрт айымда, түсік тастау қаупі туыпты. Дәрігерлер: «Бала өлі тууы мүмкін. Тірі болса да ауру болуы ықтимал», – дегенді айтады. Алланың қалауымен, алты жарым айлық болып өмірге келгенімде, «церебралды сал ауруы» диагнозын қояды», – деп бастады әңгімесін.
Бір келіге де жетер-жетпес шақалақтың алдағы күніне үмітсіздік үкімі тағылғанымен, ана жүрегіндегі тебірінесі бұлқынып, бұл шешімді қабылдамайды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халқымыз. Бірер күннен соң немересін көруге ауруханаға келген атасы: «Дәрігерлер балаға ауру деп айта береді. Менің қызым ертең соларды емдейтін болады. Сұлу болады», — деп жылап тұрып, сатып алған ағаш айнасын сыйлапты. Терең ойда жүрген ананы бұл сенім одан әрі нығайта түседі. Қызығы сол, әлгі айна ата аманаты, бойтұмардай әлі сақтаулы. Ал «ертең соларды емдейді» деген ақсақалдың сөзі де текке айтылмаған болып шығады.
«Қазіргі таңда ұстаздық қызмет атқарамын. Онлайн форматта дәріс алып жүрген жаңаөзендік ересек шәкіртімнің бірі бірде: «Сізден сабақ алғалы жүрегім тынышталды. Жаным емделді», – дегенді айтқанда, атамның сөзі санамнан саңлау беріп, кеудемді мақтаныш кернеді. Расында музыка – жанның емі емес пе? Демек, дертті тек дәрі емес, саф өнер, оған ұмтылған таза жүрек те жаза алатын құдіретін ұғындырып тұр», – дейді Тәуелсіздіктің төл құрдасы Ақерке.
Туғанына бірнеше айы өткенде Қазалыға Ресейлік атақты невропатолог дәрігер келіп, нәрестенің дені сау екенін нақтылайды.
Тұңғышының әр қылығын қызығына баланған ана барлық жағдайда қолдау көрсетіп, сенім білдіреді.
«Бала көңілі кіршіксіз, пәк. Әнші боламын деген арманымды аңғарған анам бірде: «Өнер сен ойлағандай жеңіл емес, тынбай талпыну, тоқтаусыз жұмыс істеуді етуді талап ететін еңбек. Егер расымен әнші боламын десең, оқуың керек», — деді де аудандағы балалар әуез мектебіне апарып, Сандуғаш Бейсембаева есімді ұстазына тапсырды.
«Анам аса қатал емес, бірақ талапшыл еді. Бірде дайындалмай келгенімде, домбырамды алып қойды. Ұрмады, ұрыспай үйдің жұмысымен жазалады. «Шаршадың ба?» — деді бір уақытта. «Егер оқымасаң, білім алмасаң, ауыр жұмыс істеуге мәжбүр боласың. Менің қалауым — дәрігер болғаның еді. Бірақ сенің өнер адамы боламын деген таңдауыңа бөгет болмаймын», — деді. Сахнаның төрінде болу үшін еңбектену керегінің әліппесін осылай меңгердім», – дейді.
Музыка мектебін бітірген соң Ақерке арман қуып Алматыға барып, П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледждің прима қобыз бөліміне грантқа түстеді.
Ешқандай пернесі жоқ аспапты меңгеру қиынға соғып, жылағанында, анасы: «Сен өмірге күресіп келген, тосқан сынағын жеңген баласың. Саған оңай олжа жоқ. Бәрі еңбекпен табасың», — деп жігерлендіреді. Айтқандай, оған олжа оңай келмеді. Екі жыл қатарынан жоғары білім алуға ұмтылғанымен, сынақтан сүрінді. Дипломын алып, өзі оқыған өнер мектебіне ұстаз болып жұмысқа орналасады. Бұл уақытта анасы қызын үй шаруасына араластырмай, дайындалуына мүмкіндік жасайды.
Бір жылдан соң Ақерке Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университеттің түлегі атанады. Бүгінде өнертану ғылымдарының магистрі, қазақтың ұлттық өнеріне берілген алғашқы грантты иеленген докторант.
«Ақерекем бала кезден бөлек болды. Басына қауіп төнсе де, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей мінезі бар. Сол мінезі жетістікке жетуіне жәрдемдесті деп ойлаймын. Оқушы кезден барлық деңгейдегі конкурстарға қатысатын. Тіпті кейбір өнер сындарына жасы жетпесе де, өзін дәлелдеп, үнемі жеңіспен оралатын», – дейді Ұлдай Жүсіпқызы.
Бізді психолог-педагог ананың отбасылық ұстанымы қызықтырды.
«Бар қазақтың дәстүрлі отбасы сынды адамдықтан аттамау, адалдықты таптамау, өтірік пен өсекті жақтамауды үнемі зерделеріне тоқып отырамыз. Ал қаншалықты жеміс беретіні уақыт еншісі», – десе анасы, қызы: «Біздің отбасында «қандай жағдайда тұрсаң да шындықты айт. Жағымпаз болма. Біреуді күндеп, міндегенше, өзіңді тәрбиеле. Өз күшіңе алдымен өзің сен, жетіл, дамы» деген көзқарас сөзбен де, іспен де ұлықталатын. Ата-анамнан ешқашан «пәленшенің қызын қарашы» деген салыстыруыд естімеппін. Осы даналығына тамсанамын.
Ана жүрегі – Алланың аманаты. Ал сол аманатқа адалдық ұрпақтың тағдырын өзгертеді», –дейді жыршы қыз.
Отбасында Ақеркеден бөлек Ғалымжан, Азамат, Бағдат сынды бауырлары бар. Бірі денешынықтыру маманы, бірі электрик, бірі денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп жүр.
Бүгінгі күні жыршылық өнер ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енген қазақтың мақтанышы. Қазақтың болмысы, рухани күші, тіл мен әуеннің бірлігінің жарқын көрінісі. Жыршылар қазақ халқының тарихы, дүниетанымы, моральдық құндылықтарын сақтап, ұрпаққа аманаттайтын атын көпір. Осындай ұлт мұрасын ұлықтауда бойдағы таланты мен жиған тәлімін жаңашылдықпен жаңғыртып, жүрекке сіңіре білген Ақерке Бақытжанқызының, оның шәкірттерінің алған асу, бағындырған биігі көп. Ал бала тәрбиесін дәстүрлі діңгекке жалғау тек нәтижелі болатынын Ұлдай Махановамен болған бір күнде терең түсіндік.
Қазақтың күй өнері — ұлттық мәдениеттің биік шыңдарының бірі, рухани байлығының тұғыры. Қазақ халқының жүрегінің үні, тарихының, дүниетанымының, арман-қиялының, қайғысы мен қуанышының аспаптық тілмен айтылған шежіресі.
Жеке музыкалық жанр ретінде XIV ғасырда қалыптасқанымен, күйдің тамыры ежелгі түркі дәуірі –сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, көктүрік замандарынан басталады деседі.
Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Сүгір, Байжігіт сияқты күйшілер дала дүбіріне үн қосып, ұлттық өнердің қанақ бояуын сіңіріп, бәсін биіктеткен XIX ғасырдан бері бұл жанрға қызығушылық танытып, меңгергісі келетіндердің қатары қалың.
Тек музыка емес, ұлттың жады, рухы, тарихынан сыр шертіп, домбыраның әр пернесі — ғасырлар сырын шертіп, көз алдыңа қазақтың дархан даласы, самал желі, өткені мен бүгіні, бүтін болмысы, қайғысы мен қасіретін келітертін құдіретті өнерді дамытып,жас болса да жетістіктен биігінен көрініп жүрген күйші Рүстем Шөмекейді өнерсүйер қауым жақсы таниды.
Мереке қарсаңызда өнерлі жанға өмір сыйлаған Гүлнәр Жұмаш есімді анаға да сәлем бере бардық.
«Сіз жайлы жазайын деп едік» деген бұйымтайымызды айтқанымыз сол еді, қазақы әдептен аспаған ана Рүстемді әжесі тәрбиелегенін айтып, бірақ уақытқа дейін келісім бермеді.
«Мен келін болып түскен шаңырақ өнерден алыс емес. Атасы мәдениет саласында жұмыс істеді. Рүстемді бауырына басып, барлық мейрімін төккен әжесі баланың талабын байқап, музыка мектебіне апарды», – болды сөз басы.
Қамқа Лепесова – денсаулық сақтау саласында, халыққа қызмет көрсету бағытында да нәтижелі еңбек еткен еңбек ардагері. Әрқашан дұғасынан елдің тыныштығы мен бүтіндігі үзілмеген кейуана Рүстемнің әр жеңісіне балаша шаттанып, тілегін тілеп отырады.
Мырзағұловтар отбасында отбасында бес ұл тәрбиеленуде. Рүстемнің бауырлары Дастан теміржолшы мамандығын меңгерген, Әлішер – Қарағанды медицина университетінің студенті, Нұрдәлет пен Омар Жанқожа батыр атындағы мектеп оқушылары.
Қарашаңырақтың түтінін түзу түтетіп отырған Ерлан Шөмекейұлының жары Гүлнәр Жанқабылқызының үйіне қос келін түсіріп, олардан немере сүйіп, қуанышқа кенелуінің сыры –үлкенді ұлықтап, елден игі алғыс алуында екенін айтпай ұғындық.
«Үлкені бар үйде береке болады. Олардың жүрген жолдары, көкейіне түйіп, жиған өнегелері – үлкен мектеп», – дейді Гүлнәр ана. Бүгінде «Ақерке» бөбекжай-балабақшасында тәрбиеші көмекшісі болып жұмыс істейді.
Рүстем Шөмекей Қорқыт ата атындағы өнер мектебінің домбыра класын, Мейрамкүл Байдәулетованың жетекшілігімен, үздік аяқтап, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түседі. 2019 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына қабылданды.
2023 жылы Қазалы ауданының Қорқыт ата атындағы өнер мектебіне жұмысқа тұрады. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінде домбырашы және Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары колледжінде ұстаздық қызмет атқарады.
2018 жылы Алматы қаласында өткен NOMAD ойындары конкурсында үштіктен көрінсе, 2019 жылы Қазалы ауданында өткен Ә.Жолтаевты еске алу конкурсында Бас жүлдені бұйдалайды. 2020 жылы Атырау қаласында өткен республикалық «Жадыра жас дарын» конкурсының Гран-При иегері атанады. Қоржынында өзге де жүлде, жеңістері жетерлік.
«Күй – сөзден де, ойдан да жоғары. Ол – қазақтың жанының тілі, ғасырлар бойы жиналған қуаныш пен қайғының, еркіндік пен сағыныштың, өмір мен өлімнің бір тамшыға сыйған әуені. Рүстем арқылы біз күйге етене жақындай түстік. Баламыздың ұстанған бағыты көп жасқа үлгі болғаны бізді сүйсіндіреді», – дейді қоштасарда.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
















