Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құшағына күллі әлем, күн сыйғандар

Құшағына күллі әлем, күн сыйғандар

Олар алтын құрсақты аналар. Екеуі де қандай жақсылық, марапататқа да лайық, қазаққа елдің мұратын алға адымдататын ардақты ұл-қыз сыйлаған асыл жандар. Мереке қарсаңында мақтаныштарға тағылымды тәрбие беріп, құнарлы нәрімен сусындатқан қос ананың қарашаңырағына бас сұқтық.

Ақынның анасы
«Мына менің табаным жарақатсыз,
Ал апамның маңдайын әжім басқан»,
«...Бүкірейген апама қарап білем,
Мен кімнің арқасында жүргенімді.
«Аяғыңның асытында аят болған,
Жұмақтың иісі бар жаулығыңда»
– деген жұмыр ұйқастар ешқашан өзі үшін ештеңн сұрамай, бар қызығын балалармен байланыстаратын, ерінің қабағын бағып, көптің көңілін тапқан қазақ әйелін ойыңа оралтады. Бұл жолдардан әр адам өз анасын көріп, перзенттік парызын сезінеді. Ал «Анамдай сұлу адамзат, Жұмақ жақта да жоқ шығар» деген жолдар ана мен бала арасындағы сүйіспеншілікті тұтас картинадай көз алдыңа келтіріп, бір өлеңге сыйдырған шебер шығарма. Дәл осы туындыға арқау болған ана туралы біз де білмекке ұмтылдық.
Сөз өнерінің қастерлі саласына ат шалдырып, бойындағы шығармашылық күш пен талайлы таланттың биік өлшемін көрсетіп, сырлы сезім, әсемдік әлеміне баулитын ақынның орны қай қоғамда да құнды. «Сөз қадірі – өз қадірім» деп білетін жұрт қашаннан өлеңді өрелік өлшемі, өнер атаулының бекзадасына балаған. Дәл осы ананың тұңғышы ақындық бағытын адамдық, адалдық ар биігіне жеткізіп, сан жүректі жылытқан. Қазір ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ақжол Түменбайды білмейтін қазақ баласы кем де кем. Тіпті аты-жөнінен бейхабар болса да, бойды шымырлатар шумақтарына елітіп, ойға шомбағандары аз.
Кенішгүл Сахиқызы – сүлейлердің мекені Қармақшы ауданының тумасы. Ақтан батыр ауылының келіні. «Сыр маржаны» ЖШС-да механизатор болып жұмыс істейтін Ғабит Түменбаев екеуі дүниеге 5 бала әкеліп, тәрбиелеп, олардан немере, жиендер отыр.
Қазаққа «Жарық түн», «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?», «Тиіспеңізші әкесі жоқ қыздарға», «Бозторғай ана», «Сүйемін», «Махаббат» сынды хит сыйлаған дарынды ұлдың алғашқы ақындық адымын сұрадық.
«Әр баламның өмірімде өз орны бар. Жолдасым еңбекті сүйген жан. Жасайынан еңбектен қол үзген жоқ. Өнегесін көріп өскен балапандарымыз да ауылдағы тіршілікке бейім, қағілез болып өсті. Ақжолтайым да аңғалдығы басым, басқаларға болсын дейтін көпшіл қасиетімен айналасының сүйіктісі еді. Әжесінің баласы, маған «апа» дейді», – деді толқып. Сәл үзілісті өзі бұзып, мына жайды айтып берді.
Өлең жазатын қабілетін алғаш «апасы» аңғармапты. Зерек баланың зердесін Зерхан Бахи есімді ұстазы аңғарып, оқушысына сұрақ қойып, өлең жаза бастайды. Қалың қойын дәптерге екеуара айтыс үлгісінде жыр жазған қазақ тілі пәнінің апайы шәкіртінің талантын байқап, талаптандырады. Ақындық қасиет Кенішгүл ана жақта дарыса керек. Бірақ «әжесінің баласы» оны мойындамайтын көрінеді.
Көп балалы ананың Ақжолдан өзге Айдана, Перизат, Меруерт, Айболат есімді ұл-қызы бар. Ақжол облыстық мәдениет саласында еңбек етіп жүрсе, үш қызы да жоғары білімді, отбасын құрған. Кенжесі мектеп оқушысы
««Жақсы бала – сүйеніш» дейді халқымыз. Қазір жұртшылық «Ақжолдың анасы» деп танып жатады. Алла берген қабілеттің арқасы деп білемін. Үнемі қолдап отырамын. Жаңа туындысы жарық көрсе, балалы болғандай қуанамын. Бұл үлкен сый. Барлық ана балаларына солай тілектес болады деп ойлаймын», – дейді қоштасарда.

Батырдың анасы
«Алып анадан турады» деген тәмсіл бар. Өмірге батыр қызды әкелген ананы да Қазалыдан таптық. Қазақтың атын жарқын жеңіспен шығарып, байрақты бәсекелерде көк туды желбіреткен ауыр атлет Алтынай Тәңірбергеноваға артар үміт көп.
Табиғаты нәзік арудың ауқымды жүкті көтеруі, алдымен, жүректіліктің белгісі. Ауыр атлетика аты ғана ауыр емес, әр түрлі салмақ дәрежелерінде батпан көтеріп, күш сынасатын спорт түрі. Шыдам мен төзім, жауаптылықты талап ететін салада бақ сынап жүрген толағай қыздың бүгінгі биігіне, сөзсіз, отбасының қолдауы себепкер. Ал анасы Анар Қаликеева бас жанкүйері.
Жолдасы Жұмабек Қаликеев екеуі бүгінде екі ұл, бір қыз өсіріп отыр.
Жастайынан өмір ерте есейткен ол өзін қандай істен де сынап көруден бас тартпаған. Шаруаның көптеген түріне шыңдалған. Қажет болса ауыр затты көтере береді, құрылыс жұмыстарын да жүргізіп, өсімдіктерді де баптай алады, қолы қалт етсе, тігін тігеді. Мамандығы – аспазшы. Аудандағы белгілі тамақтану орнында еңбек етеді. Бұл жолға келіншектің қабілеті алып келіпті. Батыл, сөзі нық, ісі мығым ананың болмысын байқап, Алтынайдың алыптығы қайдан басталғанын іштей топшыладық.
«Келін болып түскен жұртым өнерлі жандар. Ән, күйден кенде емес. Менің әкемнің ағасы штангашы болды. Қызым сол нағашыларына тартқан деп ойлаймын. Жасатайынан спортқа бейімдігі байқалды. Тұңғышым Абылай да қайратты азамат болып өсіп келе жатыр. Ешқандай жұмысты ауырсынбайды. Кенжеміз Арман мектепте оқиды. Әпкесінің жолын қуып, чемпион болуды мақсат тұтып отыр», – дейді емен-жарқын.
Бала күнгі естелігімен бөлісуді өтінгенімізде, мына оқиғаны айтып берді.
Үнемі балалармен ойнап жүретін Алтынай бір жолы ренжіткен, өзінен жасы үлкен баланы тепкілеп тастағанын көршілерінің бәрі көріпті.
Ата-анасы баласының бойындағы қабілетті шыңдау үшін, спорт мектебіне береді. Бұл орында қыз білікті жаттықтырушы Әзиз Жақсылыққа жолығып, бар арманын жүзеге асырады. Ендігі мақсаты Илья Илиннің жеңісті жолын жалғау екен.
«Чемпионның анасы болу қандай жауапкершілік жүктейді?» дедік.
«Өте үлкен, екі есе қиын жауапкершілікті жүктейді. Балам қиналса не жарақаттанса, «неге өзге қыздар сынды басқа жолды таңдамады екен?» деп іштей күйзелетінім бар. Бұрын өнер көрсеткенін көретінмін. Қазір жүрегім дауаламайды. Қан қысымым көтеріліп кетеді. Алтынайым алаңға шықса, үйден шығып кетемін», – дейді. Айтулы дода Катарда өткен сында Алтынай шыққан сәтте Анар көршісінің үйіне жүгіріп кіріп кетіпті. Онда барса, көршісі ойынды телефоннан тамашалап отыр екен. Дереу далаға шығып, «көтерді» деген жағымды жаңалықтан кейін барып үйіне қайтқан көрінеді. Солай бола тұра, қобалжығанын білдірмей, әрқашан сүйеу болып, қанаттандырып отуды дағдыға айналдырған.
«Мейлі ана бол, басқа бол, бойында тұмса қабілеті, ішінде оты, жүрегінде жалыны бар жанды сөндіруге ешкімнің хақысы жоқ. Біздің қолдан келер шарамыз тек тілегін тілеу», – дейді.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
08 наурыз 2025 ж. 513 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930