Топ-баннер
Топ-баннер2
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекті сүйген ештеңеден ұтылмайды

Еңбекті сүйген ештеңеден ұтылмайды

Бұл Айнагүл Мұратованың ғұмырлық ұстанымы. Айтары бар, берері мол ақжаулықты жан, ажарлы әжені шалғайдағы ауылынан таптық.
Адвокаттықты ауылға айырбастадым
Шәкен – ертеден жері ырысты, бірлігі ұлысты мекен. Бір кезде қалалық болып осы топыраққа табаны тиген талдырмаш қыз бүгінде сол ауылдың жарты ғасырлық тарихының куәгері, ардақты адардары қатарында.
Қызалақ қыз нағашы әжесінің қолында алыстағы ақ шағалалы Атырауда балалық шағын өткізеді. Кейде өмірдің күтпей тосатын қиындығы адамды мүлде басқа арнаға бағыттайтыны бар. Мектептің 7-сыныбын бітіретін жылы әкесі қайтыс болып,Айнаш қайта өз үйіне оралады. Отыз жеті жасар жолдасын жер қойнына тапсырып, 7 баламен жалғыз қалған анасыныңтұрмысты түзеп, бауырларын жетілдіруіне қолқабыс ету мақсатында еңбекке ерте араласуына тура келеді.
«Нағашы ағам станса бастығы болған жоғары білімді азамат еді. Мектептегі үлгерімім де жаман болған жоқ. «Аттестат алған соң құқықтық білім алуға апарамын» дейтін. Іштей соған дайындалып жүретінмін. Күйеуіме: «Адвокаттықты ауылға айырбастадым», – дейтінмін әзілдеп», – дейді ол.
Париялық тапсырмамен Шәкен елді мекеніне құрылыс жұмыстарын жүргізуге барған қызды осы ауылдың тұрғыны Қасқырбек Мұратов ұнатып қалып, ұзамай екеуі отау құрып, ортақ мақсаттарын бір арнаға тоғыстарды.
«Балалығым мен шалалығым көп шағым. Мен келін болып түскен үйдегі анамыз 19 құрсақ көтерген батыр ана екен. Жолдасым сол бауырлардың ең кішісі болды. Енем қайратты, мейірімді, қуатты, турашыл адам еді. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Тату абысын-ажындарымыз да көмек қолдарын аяған жоқ», – деп өткен күндерді еске алады кейіпкеріміз.
Бас қойшының көмекшісі
Он алты жасар келіншектің үлкен өмірінің бастауы осылай басталады. Айнагүл алғашында қойшының көмекшісі, біраз уақыттан кейін бас шопан болғанҚасқырбайдың көмекшісі болады. Бір-бірін айтай ұғысатын жалынды, жарасты жұптар барлық жағдайды бірге кешіреді. Осындай күндердің бірінде жас отбасының өзі істерін ықыластана, жауаптықпен атқарғанына сүйсінген Шәкен ауылы қарайтын Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоз директоры олардың жер кепеде тұрмай, жақсы жағдайдағы баспаналы болуына мұрындық болады.
Қасқырбек Мұратов – бар саналы ғұмырын мал шаруашылығына арнаған еңбек адамы.
Бала кезінен төрт түліктің жай күйіне қанық жігіт 1972 жылыбас шопан болып, ырысын еселеуге атсалысады. Жұбайы екеуі мал шаруашылығының бар ауыртпалығын бірге көтеріп, қыстың бораны мен жаздың аптабында маңдай терін төгеді.Қыстау мен жайлау, төлдету мен қашырым арасындағы тынымсыз тіршілік олардың күнделікті өміріне айналады.
Өз ісіне деген адалдығы мен жауапкершілігінің арқасында, әр жүз саулықтан 160–170 қозы алып, жоғары көрсеткішке қол жеткізгенҚасқырбек Мұратов алдыңғы қатарлы шопандардың біріне айналады. Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткізу ісінде үлкен үлесімен дараланады. 1974 жылы партия қатарына қабылданып, партияның XXXII съезіне делегат болады. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен және бірнеше төсбелгілермен марапатталды. 1981 жылы жыл қорытындысымен «Нива» автокөлігін тізгіндейді.
1987–1996 жылдары пошташы қызметін атқарса, 1996–1997 жылдары ауылдағы су жүйесі мекемесінде моторист болып еңбек етеді.
«Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» дейді қазақ. Түтіні түзу ұшқан берекелі шаңырақтың төрі қонақтан босамайды. Ерін де, елін де күтіп үйренген Айнагүл ана алты перзентті өмірге әкеледі.
Ұрпақ – адам өмірінің жалғасы. Тұңғыштары Бекәділ Астанада тұрады. Кәсіпкер. Алданы туған жеріндегі медициналық пунктте жұмыс істейді. Бекзаты Қызылорда қаласындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мақтаулы мұғалім. Жанат пен Гүлзат Алматыда. Бірі орта кәсіптің көкжиегін кеңітіп отырса, бірі ауруханада жұмыс істейді. Кенже ұлдары Қалдыбек қарашаңырақта. Барлығы отбасылы. Күйеу балалары мен келіндері, немерелерінің үлкендері еңбек етіп, түрлі сала жүгін алға тартып жүр.
Жиырма тоғыз немере, сегіз шөбере сүйіп отырған әже солардың саулығына алаңдап, қызығына сүйсініп отырады.
Ата кәсіп ақсатпайды
Тәуелсіздіқ алған қайта құрылымдау жылдарындағы қиындық бұл отбасын айналып өтпейді. Ерлі-зайыптылар 1994 жылы қайтадан мал шаруашылығына оралады. Төрт жыл аудан балансындағы қойды бағады. 1998 жылдары ол малдарды Шымкентке өткізіп, шаруашылық тарағанда, жекеге адамдардың жалдамалы малын бағумен айналысады. Жылқы, түйе өсірді.
Еңбекке деген ықыласы сөнбеген малшылар отбасы 2004 жылы «Тереңқұдық» учаскесінен жер алып, «Жаңаөріс» атты қожалық ашады.
«Оңтайландыру. Кәсіпкерлікке бетбұрыс басталған шақ. Бала-шағаны асырау керек. Алда не боларын ешкім білмейді... Көп ойланбай, өзіміз білетін ата кәсіпті бизнеске айналдыру шешіме келдік. Талабымыз игі, өрісіміз кең болсын деген мақсатта қожалықты осылай атадық.
Алғашқылардың бірі болып, «Валют-транзиттен» банктен кредит алып, мал басын арттырдық. 2012 жылы 6 пайызбен 7 жылға несие алып, шаруамызы кеңейттік. Субсидияларды тиімді пайдаланып, асыл тұқымды бұқа сатып алдық. Ол кезде76 бас сиырымыз болған», – дейді.
2019 жылы негізгі шаруаны балалырна тапсырғанымен, 30 бас сиыр, түйе мен жылқылары бар қожалық әлі жұмыс істеп тұр. Бір малшысы мен балалары да қолғабыс етеді.
«Жұмыс табылмай тұр» деген масылдыққа Айнагүл апаның жаны қас. Дипломы бола тұра, басқа салада нәпақа тауып жүрген ұрпақтарының ісі бұл ұстанымның анық айғағы. Қолы қимылдаған, іс істеуге ниет еткен жандарға түрлі мүмкіндіктер барын үнемі айналасындағыларға айтып жүреді.
«Ата кәсіп ешкімді ақсатпайды. Кәсіптің қиындығанан қашып, оңай олжа іздегендерпық жейді. Әр адам мүмкіндігін пайдаланса, қиындықтан құтылуға болады», – дейді әңгімесінде.
Аналықтан – даналыққа
Қойдың иісі, боранда жол табу, түн ортасында қозы қарау, жаздың аптабы мен қыстың бораны... Айнагүлге қолға тиген жұмыстың бәрін үйренуге тура келді. Бірақ ол мойымады. Жолдасына қолғабыс етіп, шаруашылықтың жүгін бірге көтерді. Қазақшасы аз қала қызы ауылдың әнін, салтын, тұрмысын бойына сіңірді.Дала оны өзгертті.Бірақ сындырған жоқ. Ауыл даналығын терең сіңірді. Оны жылтыр дүние, арзан атақ қызықтырмады. Бірақ адал еңбегі оны елге сыйлы етті. Уақытқа бергені оны жай ғана шопанның жары емес, берекенің бастауы, шаңырақтың шырақшысы, ұрпағына үлгі етті.Қазір жасы жетпісте болса да әлі тың, белсенді. Таң атқаннан күн батқанша шаруашылықтың басы-қасында жүреді. Қойын жайып, қорасын қарап, немерелеріне тіршіліктің қыр-сырын үйретеді.
Өткен жылдың соңында ері Қасқырбай өмірден өтті. Бұл қаза оңайға соқпаса да, Айнагүл анаға ертеңі үшін күшін жинауына тура келді.
Қоғамдық істен де тысқары қалмаған ол 2008-2021 жылдары ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін атқарып, ұйымдастырушылық қабілетін бірлік пен берекелі бағытқа бағыттайды. Ауылдастары «өнегелі ана» деп атауы – шынайы махаббаттың, табандылық пен адал еңбектің жеңісі еді. Бұданадамның жүрегі қалаған жолға түскенде, қандай биікке көтеріле алатынын түсінесің.
Оның өмірі бір қарағанда өлең секілді.Басы дауылды, ортасында күресті, соңында тыныштығы бар.Қарапайым. Бірақ терең. Кең даланың төсінде маңдай терін төгіп, мал баққан қазақ әйелінің жиынтық бейнесіндей. Маңдайына уақыттың табы түскенімен, жанарынан жылылық кетпеген жүзіне қарасаң, сабыр көресің, үнсіз тыңдасаң, мейірімге малынасың.
Айнагүл Төленқызының төзім мен табандылық, адал еңбек пен отбасы құндылығының айқын көрінісіндей болған ғибраты –үнсіз ерлік, болмысы ұрпағы үшін үлкен ұстын.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА



07 наурыз 2026 ж. 24 0

Алтын құрсақты ана

07 наурыз 2026 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031