Жанға батқан жалғыздық
Қыс мезгілі болған соң күн ұясына ерте батып, айналаны қараңғылық әп-сәтте басып алды. Таңертеңгісін басталған қар түс ауа тоқтады. Қалың түсіпті. Ызғармен қатып қалса керек әр қадам басқан сайын сықыр-сықыр етеді. Айнаш аяғын аңдап басып келеді. Мектептен шыға бере бір-екі рет етігінің табаны тайып, мертігіп қала жаздады. Жалпы қысы-жазы үйге қайтар жолда асығыстық танытқан емес. Бәрібір онда бұны күтіп отырған ешкім жоқ.
Мектепке мұғалім болып жиырма жасында кірген бойжеткен қазір қырық жылдық тәжірибесі бар ұстаз. Мұғалімдік оқуды бітірген жылы ата-анасынан қатар айырылып, артына ерген үш бауырын қанаттандыру үшін күш-жігерін жинады. Күндіз күліп, түнде жылап, тағдырдың талай тезінен өтті-ау. Әкесі мен шешесі ана дүниелік болғанда, екі інісі мен сіңілсі де мектеп жасында еді. Ата-ана мейірімін аңсап, қамкөңіл қайғы құшағында қалған бауырларын бауырына басты. Еркелікті естілікке ерте айырбастады. Етек-жеңін жинап, алға ұмытылды. Өзіне қарап, жәудіреген жанарларды жеткізу үшін жанталаса өмір сүрді. Мектепке мұғалім болып орналасты. Жылдар жылжып, уақыт зымырап өте берді. Үш баланың әкесі де, анасы да болған Айнаш бауырларын ешкімнен кем етпеймін деп жастық шағынан біршама жырақтап қалған еді. Інілері ержетіп, сіңілісі бойжетті. Бәрі де жоғары оқу орнында білім алды. Отау құрып, тұрмысқа шықты. Олардың теңін тауып, түтін түтеткеніне әпкелері жүрегі жарыла қуанды. Барлық кәде-кәуметін жасап, салтқа сай той-томалақтың түр-түрін атқарды. Құдаларымен де қарым-қатынасы ел қызығарлықтай. Сырттай бәрі керемет болғанымен, жүрек түкпірінде жазылмас жара жатыр еді. Қанша жағынан ағайын-туыс, бауырлары қаумалағанымен Айнаш жалғыз болатын. Жар атанып, бала сүйетін жастан өтіп кеткелі қашшан. Бетіне келіп айтпағанымен сыртынан «кәрі қыз ғой» дейтіндердің бары рас. Олардың бірі бауырларын бағып, бақытын құрбан етті десе, енді бірі мансап қуып, «көк етікті кезікпей, көне етіктіні менсінбей» қалған мұғалім деп тон пішеді. Алайда Айнаштың шындығы тек өзіне мәлім. Бойжетіп, бой түзеген шақта көңіл білдіргендер болды ғой. Тіпті көрші ауылдағы орта бойлы, қалың қасты Қайратқа қыз да кетәрі емес еді. Ол да мұғалім болатын. Бір бойында бірнеше өнері бар жігіттің серісі. Кештерде ән салғанда құлаққа жағымды қоңыр даусын тыңдай бергісі келетіндер қайта-қайта қолқалап, өнеріне елітіп отыратын. Айнашқа сөз салып, отбасы болайық деген ойын білдіргенде шарасыздықтан «жоқ» деп шығарып салып еді-ау. Сүйгенінің қолынан ұстап кете баруға, әлі оң-солын тани қоймаған бауырларын қимады. Одан бері де талай жыл өтті. Уақытында ешкімге мойын бұрмаған бойжеткен даңғарадай үйде жалғыз өзі тұрады. Өз алдына үй болып кеткен іні-сіңілісі алпысты алқымдаған әпкелеріне ат басын ара-тұра бұрады. Оларға да өкпелеу орынсыз. Бала-шаға қамы, тынымсыз тіршілік көп нәрсеге мұрша бермейді.
Жарты сағаттық жолды артқа тастап Айнаш үйіне жетті. Қол сөмкесінің артқы қалтасындағы кілтін де асықпай алды. Ақырын есікті ашып, табалдырықтан аттады. Киімін ауыстырып, асханаға келді. Үстел үстінде бәрі тұр. Жалғыз жанға ас батсын ба, қайтадан жоғарыға көтерілді. Екі қабатты үйінде бәрі бар. Дегенмен бірдеңе жетіспейді. Ертерек ұйқыға жатып, таңның атуын тілейді. Бұл – күнде кешкілік қайталанатын көрініс. Таң азанымен балалардың шат күлкісі, даурыққан дауысы естілетін мектепке жетуге асығады. Сонда барса, жалғыздығын ұмытып, жаны жадырап сала береді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА