Бірқатар сала мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды
Бүгін «Руханият» орталығында Алғыс айту күніне орай ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандарына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Алғыс хаттары» табысталды.Марапаттау шарасында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов құттықтау сөз сөйлеп, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға аймақ басшысының мерекелік құттықтауы мен алғысын жеткізді.
Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, еліміздің дамуы жолында аянбай тер төккен барлық азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін мереке. Бір-бірімізге деген алғаусыз құрметіміз бен сыйластығымызды арттыратын күн. Айтулы мерекеде тұрғындардың қалыпты тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін салаларда күннің ыстық-суығына қарамай, уақытпен санаспай қызмет ететін еңбек адамдарына, қасиетті Отанымызды қорғауда патриотизмнің нағыз үлгісін көрсетіп, өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындайтын айбынды әскери қызметшілерімізге, құқық қорғау саласы қызметкерлеріне, сын сағатта қайсарлық танытып, өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігетін өрт сөндірушілер мен құтқарушыларымызға, шұғыл медициналық көмек көрсететін жедел жәрдем қызметкерлері мен жол саласы мамандарына, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген еріктілерімізге, барша аймағымыздың өркендеуі жолында адал еңбек етіп жүрген сала мамандарына аймақ басшысының шынайы алғысын жеткіземін. Биыл – еліміз үшін, өңіріміз үшінде тарихи маңызы зор жыл. Президентіміздің Жарлығымен жаңа Конституцияға арналған Республикалық референдумды 2026 жылғы
15 наурызда өткізу туралы шешім қабылданды. Ұлтымыздың тарихында алтын әріптермен жазылатын алдағы саяси маңызды кезеңде аудан тұрғындары еліміздің шынайы патриоты ретінде азаматтық ұстанымдарын білдіріп, Жаңа Конституцияның жобасын қолдайды деп сенемін. Бір-бірімізге деген алғысымыз шынайы, көңіліміз түзу болсын. Әр отбасыға бақ-береке, елімізге татулық пен тыныштық тілеймін, - деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Шара соңында аудан өнерпаздары әсем ән шырқап марапат иелеріне мерекелік көңіл-күй сыйлады.














