“Ешкім ажал іздеп, себепсіз бармайды“. Шетелдегі қақтығысқа қатысушыларға жазаны жеңілдету ұсынылды
Фото: depositphotos.comМәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сауал жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Депутаттың пікірінше, қазір халықаралық қатынастар жүйесінде геосаяси, геоэкономикалық шиеленіс күшейе түскен.
"Мемлекеттер арасындағы санкция шектеуі ұлғаюы, әскери-саяси текетірес жиілеуі әлемдік қауіпсіздік архитектурасына айтарлықтай әсер етіп отыр. Осындай күрделі жағдайда түрлі тараптар қарулы қақтығысқа адам тарту үшін жалдау, алдау, үгіттеу тәсілін белсенді қолданып жатыр. Өкінішке қарай, мұндай ықпалға түскен отандастарымыздың саны артып барады", - деді ол.
Оның сөзінше, Қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша (шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) тіркелген қылмыстық істердің саны жыл сайын өсіп жатыр: 2023 жылы 23 іс, 2024 жылы 36 іс, 2025 жылы 141 іс тіркелген. Ал 2025 жылы тіркелген істер бойынша 26 адам сотталған.
"Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, бірқатар мемлекет өз азаматтарының шетелдің ресми қарулы күштері құрамында ұрыс қимылына қатысуын қылмыс ретінде қарастырмайды. Қатаң жауапкершілік негізінен террористік ұйымдар қатарына қосылғандарға, әскери қылмыс жасағандарға немесе өз мемлекетінің ұлттық мүддесіне қарсы әрекет еткендерге қолданылады. Әрине, қарулы қақтығыс аймағына ешкім ажал іздеп, себепсіз бармайды. Бірі әлеуметтік қиындық салдарынан, бірі адасу немесе алдану арқылы, енді бірі мәжбүрлеу жағдайында баруы мүмкін. Осындай жағдайға тап болғандардың дені табысты жұмыс табамыз деген үміттің жетегінде жүріп, ұрынып қалғанын айтады. Құрыққа ілінгенін түсінген шақта шегінерге жер жоқ, шарасыз жат елдің қанды майданының қатысушысына айналады. Артта аңырап ата-ана, еңіреп отбасы мен жақындары қалады. Алайда өз ісіне өкініп, елге оралуға ниет білдірген азаматтар үшін қазіргі заңнамадағы қатаң санкция елеулі тосқауыл болып отыр. Тәубесіне келіп, Отанға оралған азаматтың ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы оның қайта қоғамға сіңуіне кері әсер етуі мүмкін", - деді депутат.
Жарқынбек Амантайұлының сөзінше, сотталғандар арасында Ресей азаматтығын алғандары да бар.
"Жуырда 6 жылға бас бостандығынан айырылған Евгений Люфт сол елдің азаматы болған деген әңгіме бар. Осы ретте халықаралық тәжірибені және ұлттық қауіпсіздік мүддесін ескеріп, террористік ұйымдар құрамында болмаған және әскери қылмыс жасамаған азаматтарға қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесін қарастыру орынды деп санаймыз. Білместікпен бір сүрінген азаматтарымызды елден ерек қатаң жазаға тарту қаншалық орынды?!" - деді ол.










