Табиғатпен үндес тіршілік
«Бақыт» шаруа қожалығы (8-16-18) Арал теңізі айдынында 2006 жылы ресми тендерді жеңіп алып, сол уақыттан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Олардың басты мақсаты – табиғат байлығын тиімді пайдалану ғана емес, оны сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізу.Қожалық жыл сайын бекітілген лимитке сәйкес балық аулап, заң талаптарын қатаң сақтайды. Табиғи тепе-теңдікті сақтау мақсатында аулаған балықтың орнын толтыру үшін тұрақты түрде шабақ жіберіп, шабақтандыру жұмыстарын жүргізеді. Су айдынындағы балық қорының көбеюіне және экожүйенің сақталуына қосқан нақты үлесі саналады.
– Біз тек балық аулаумен шектелмейміз. Жұмыс жүргізетін аумақты үнемі тазалап, тәртіпте ұстаймыз. Қауіпсіздік пен жауапкершілікті басты орынға қойып, арнайы аншлагтар мен ескерту тақтайшаларын орнатамыз. Бұл – су айдынында тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.
Қыс мезгілінде теңіз бетін мұз қалың жапқанда, балықтардың қырылып қалмауы үшін мұзды ойып, қамыс салып, су астына ауа баруын қамтамасыз етеміз. Бұл жұмыс табиғатқа деген жанашырлықтың нақты көрінісі, – дейді Аманбай Бақыт «Бақыт» шаруа қожалығының басшысы.
Сонымен қатар балықшылардың қауіпсіздігі – басты назарда. Ауа райын қадағалап, дауылды, қолайсыз күндері теңізге шықпау керектігін ескертіп отырады. Әрбір жұмысшының амандығы – қожалық үшін ең қымбат құндылық.
«Бақыт» шаруа қожалығы – жауапкершілік, табиғатқа құрмет және адал еңбектің үлгісі. Осылайша өз ісітерін сүйіспеншілікпен атқарып, Арал айдынының игілігі үшін аянбай еңбек етуді жалғастыра бермек.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













