Әсем әндер әуеледі
Қазақ музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосқан, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері атанған көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдық мерейтойына орай Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аудандық жас әншілер байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты – композитордың шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау, ән мұрасын жаңғырту және жас таланттарға қолдау көрсету.Байқаудың шымылдығын округ әкімі Нұркен Сералиев ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай мәдени шаралардың өскелең ұрпақтың рухани дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті. Ол өз сөзінде ұлттық өнерді ұлықтау – ұлт болашағына қызмет ету екенін жеткізді.
Әсем ән мен шалқар шабыт тоғысқан кеште жас өнерпаздар қазақ музыкасының жауһар туындыларын нақышына келтіре орындап, сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберліктерін көрсете білді.
Әділ қазылар алқасының құрамында Ш.Мұхиядинқызы, Б.Өмірзақ, Е.Қалабай сынды өнер саласының білгір мамандары болып, қатысушылардың дауыс мүмкіндігіне, сахналық мәдениетіне, орындау шеберлігіне және әнді жеткізу мәнеріне ерекше мән берді.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені жанқожалық Торғай Сұлтан иеленіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бірінші орын Исманнур Бүркітбайға бұйырды. Екінші орынды қазалылық Әмина Оразбай мен қожабақылық Азима Елтай өзара бөлісті. Ал үшінші орынды жанкенттік Айару Қойшыбай мен лақалылық Ұлдана Нағашыбай қанжығасына байлады. Сонымен қатар «Көрермен көзайымы» номинациясы бозкөлдік Сырман Исламға табысталды.
Өнер додасына қатысқан барлық жас әншілерге ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Кеңес Дүйсекеевтің әндері арқылы сахна төрінде қалықтаған әуезді әуендер көрермен жүрегіне жол тауып, қазақ музыкасының мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеді. Руханиятты ту еткен мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, талай дарынды жастың жұлдызын жағарына сенім мол.
А. ЖҮСІПОВА














