Михаил Шайдоров Олимпиададағы алтыны үшін қандай сыйлықтар алды?
Фото: Туризм және спорт министрлігіМихаил Шайдоровтың Олимпиада төрінде жеңіп алған алтын жүлдесі – Қазақстан спортының тарихына алтын әріппен жазылып қалды.
Олимпиада шыңын бағындыру арқылы ол өз есімін әлемдік аренада айшықтап қана қоймай, қомақты сыйақыға да ие болды.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолданыстағы нормативтік актілеріне сәйкес, Олимпиада чемпионына 250 мың АҚШ доллары көлемінде (шамамен 123-125 миллион теңге) сыйақы төленеді.
Сонымен қатар оның бапкері Алексей Урмановқа да мемлекеттік сыйақы қарастырылған. Бапкерге 200 000 доллар (100 млн теңгеге жуық) беріледі.
Ал жалпы соманың тағы 10 пайызы ұлттық құраманың бас бапкері — Әсем Касанова еншісіне тиесілі болса, қалған 10 пайызы спортшының алғашқы ұстазына беріледі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровтың жоғары спорттық жетістігін ерекше атап өтіп, оны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Әнші Димаш Құдайберген 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атанған Михаил Шайдоровты тарихи жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ Димаш чемпионға құрмет ретінде қымбат темір тұлпар мінгізетінін мәлімдеді. Әзірге танымал әнші чемпионға мінгізетін көліктің атын атап, түсін түстеген жоқ.

Томскийдің көлікті чемпионға емес, оның әкесіне сыйлауының өзіндік себебі бар. Станислав Александрович Михаилдың алғашқы бапкері ғана емес, ол бір кездері ұлының арманы үшін өз көлігін сатқан.
Сонымен Томский чемпионның әкесіне Audi Q8 көлігін сыйға тартты. Қазақстандағы Audi маркасының ресми дистрибьюторының сайтындағы мәліметке сәйкес, бұл автокөліктің құны 59 млн теңгеден басталады.

Сыйлықтар мұнымен таусылған жоқ. Ulytau Group компаниясы чемпионға Астана қаласындағы Есіл өзені жағалауында орналасқан New City Life тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Krisha.kz сайтында бұл тұрғын үйдегі 3 бөлмелі пәтерлердің құны 53 млн теңгеден басталады.
Бұл әзірге сыйлықтардың алды ғана. Михаил Шайдоров Алматыдан шыққан. Әлі әкімдік тарапынан да қомақты сыйлық алуы мүмкін.
Күні кеше ғана Туризм және спорт министрлігі Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларына жарысқа дайындық кезінде қанша ақша төленгені туралы ақпарат жариялады. Өткен жылы спортшы мен оның командасының дайындығын қамтамасыз етуге 263 млн теңге бөлінген.
Естеріңізге сала кетейік, Михаил Шайдоров – Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада алтынын иеленген алғашқы спортшы. Ал бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиададағы екінші алтын. Алғашқы алтынды ел қоржынына1994 жылы Лиллехаммерде шаңғышы Владимир Смирнов салған еді.













