Бағасы 78 миллион теңгеден асатын мүлік алған қазақстандықтар декларация тапсыруға міндеттеледі
Еліміздің мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылдан бастап құны 78 миллион теңгеден асатын мүлік алған қазақстандықтар декларация тапсыруға міндеттелуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәлімдеуінше, енді қазақстандықтар мүлікке кеткен шығынын көрсетуге тиіс. Туыстары тойда таққан алтын болсын, жақындары мінгізген көлік болсын, азаматтар сыйлықтың да есебін беруге міндетті. Өйткені сыйға немесе мұраға алынған кез келген мүлік табыс деп саналады.
Мемлекеттік кірістер комитеті өкілінің сөзінше, басқа адамнан қайтарымсыз алынған дүниелер табыс салығынан босатылған. Есесіне оның құны декларацияда көрсетілуі шарт екен.
“Кодексте сыйлықтардың нақты мөлшері көрсетілмеген. Бірақ бүгінде бар назар үлкен сомаларда. Соны ескерсек, мұраға қалған немесе сыйға берілген мүліктің бағасы қымбат болса ғана декларация тапсыру керек. Ал той мен туған күнде алған дүниеге есеп берудің қажеті жоқ”, – дейді Жеке тұлғалардың табыстарын әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Әсемгүл Мұстафина.
Азаттардың мүлікке қатысты декларация толтыруы сыйлықтың бағасына байланысты. Бірақ қазақстандықтар алған мүлік қаншалықты құнды болса да, оның есебін сұрау орынсыз деп санайды.
Келесі жылы декларацияны шетелде мүлкі барлар, өзге мемлекет банктерінде 3 жарым миллиондай теңгесі сақтаулы азаматтар, өзін жұмыспен қамтығандар, мемлекеттік қызметкерлер мен коммерциялық ұйымдардың басшылары, 10%-дан көп акция иемденгендер және қаржылық мекемелердің қатысушылары тапсырады. Комитет өкілінің айтуынша, жаңа концепцияға сәйкес, енді активтерге қатысты есепті бөлек, мүлік пен табыс жайлы декларацияны бөлек тапсыруға болады. Бұған дейін салық шегерімін қолданған қазақстандықтардың 270 нысандағы декларация тапсыруға міндеттелгені туралы жазған едік.