Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайтарылған жерлер кімдерге беріліп жатқаны мәлім болды

Қайтарылған жерлер кімдерге беріліп жатқаны мәлім болды

Аумағы жөнінен әлемде 9-орын алып жатқан Қазақстанда жер мәселесі жоқ емес. 
Фото: canva.com
Тіпті, мыңдаған гектарлап жер иеленген латифундистердің кесірінен ауылдағы қарапайым жұрт малы жайылар жер таппаған кездер болды. Абырой болғанда, 2022 жылдан бастап елде жерлерді мемлекет меншігіне қайтару ісі басталған еді. Содан бері бұл іс қалай жүрді, қанша жер халықтың игілігіне берілді?
Әуелі қанша гектар жер мемлекет иелегіне қайтарылғанына жауап іздейік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдан бері барлығы 14,3 млн гектар жер мемлекеттік меншікке өткен. 2022 жылы – 5,4 млн гектар, 2023 жылы – 4,6 млн гектар, 2024 жылы – 2,2 млн гектар, ал 2025 жылдың басынан бері – 2,1 млн гектар. Ең алдымен байқалатын дүние, жұмыс қарқыны жыл сайын баяулаған.
Жоғарыда айтылған 14,3 млн гектардың 12,5 млн гектары – жайылым жерлерінің үлесі. Осы аумақтарда бұрын 16 мыңнан астам қағаз жүзінде ғана құрылған шаруашылықтар болыпты. Бірақ шындығында аумақ пайдаға аспай, бос жатқан.
Мемлекет меншігіне қайтару бір бөлек әңгіме, қайтарылған жерді халықтың емін-еркін пайдалануына беру – екінші мәселе. Әзірге 14,3 млн гектардың жартысынан астамы – 8,5 млн гектар жер қайта бөлінген. Оның 2,8 млн гектары тұрғындардың ортақ пайдалануына өткізілсе, қалған 5,7 млн гектары конкурсқа шығарылған. Бұның толығы қазір тиімді игеріліп жатқан көрінеді.
Дегенмен қайтарылған жерді бөлуге қатысты келіспеушіліктер, пікір қарсылықтары бар. Кейбір тетіктерді жетілдіру керегі аңғарылады. Тіпті, мамандар шаруа қожалықтардың шамасына қарамастан үлестірілген жерлер барын алға тартады.
– Заңға сәйкес, комиссия шешімімен жер жайылымдық, шабындық, егістік деп бөлінеді. Кейде жергілікті атқарушы органдар ережені сақтамай, тамыр-таныстыққа салып жер беріп, шаруа ісі алға өрлемей жатады. Мысалы, бір шаруашылықтың қожайыны мезгілсіз дүниеден өтсе, әлгі берілген жерді бірден қайтарып алатын жағдайларды естіп-көрдік. Мұндай кезде сол отбасының шаруаны дөңгелететін адамы болса, жерді қалдыру керек. Көбіне шаруа қожалықпен айналысқысы келетін орта және шағын кәсіптегі шаруалар. Олар 5-10 гектардан бастап жер сұрайды. Жерді үлестіру заң шеңберінен шықпай, құзырлы органдар тарапынан қатты қадағаланып, жер бөлу шынайы орындалғаны жөн, – дейді Фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов.
Ресми дерек қазір Қазақстандағы жайылым тапшылығы 3,5 млн гектарға қысқарғанын көрсетеді. Негізі Жер кодексінің 92-94-баптарына сәйкес, пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін анықтау, қайтарып алу бойынша заңнамалық нормалар белгіленген. Маман айтқандай заң бұзушылық аз болып жатқан жоқ. Былтыр комитеттің аумақтық бөлімшелері 2,4 млн аумақта 2 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 1,9 млн гектар аумақта 1 563 рет заңбұзушылық болғанын анықтаған.
Шамасы, қайтарылған жерлерге қатысты бұлайша заңбұзушылықтар шығып жатқанына жергілікті әкімдіктер себеп болып отыр. Өйткені Жер кодексінің 43.1-бабында қайтарылған жерлер конкурс негізінде табысталатыны, оны жергілікті атқарушы органдар іске асыратыны жазылған.
Бір қарағанда игерілмеген жерлер бас ауыртардай мәселе көрінбеуі мүмкін. Алайда экономикалық тұрғыда кері әсері көп. Егер бөлінген жердің бәрі шаруашылыққа жарап тұрса, егін себіліп, мал жайылса, ел бюджеті әлдеқашан табысқа кенелген болар еді. Бірақ жеріміз беріге дейін алаяқтардың да амалына жарап келді.
– Бұрын жерді жекешелендіріп, банктен көп қаржы рәсімдеп, оған шетелден дүние-мүлік алып, кепілдегі жерін банкке өткізіп кеткендер болды.  Жерге егін салып, мал шаруашылығын, ет-сүт өндірісін жолға қоя алсақ импортқа тәуелділіктен арыла алар едік. Ол үшін әр шаруаның өз жері болғаны жөн. Дегенмен жерді бөлуге келгенде заңсыздық көп. Сондықтан жер бөлу мәселесіне тексерісті күшейткен абзал. Қазақстанда жер 49 жылға жалға беріледі, 2 жыл пайдаланылмай тұрса, қайтадан мемлекет иелігіне өтеді. Ал Польша, Чехия елдері жерді жекеменшікке беріп, пайда тауып отыр. Сол себепті жекеге беру тетіктерін пысықтайық, бұл – шетелдіктерге сату деген сөз емес. Егер жерді дұрыс игеріп, өнім алып, мал басын көбейтіп, әртүрлі өндіріс орнын ашса, экономикадағы табыс артатыны даусыз, – деп тұжырымдады экономист Сапарбай Жобаев.
Бұл тақырыпты қозғай отырып, жерді мемлекет меншігіне қайтару ісі жақсы жүргенімен, қайта бөлуде заңсыздықтар болып жатқанын түсіндік. Сол себепті жерді конкурс арқылы табыстау кезінде жергілікті атқарушы органдарға емес, республикалық деңгейдегі тұлғаларға басымдық берген жөн секілді.
06 ақпан 2026 ж. 131 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728