Игерілмеген жер мемлекетке қайтарылады
Маңғыстаулық фермерлер жерді ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануға алғанымен, іс жүзінде кәдесіне жаратпаған. Сондықтан Маңғыстау облысында игерілмеген 303 мың гектар жер қайта мемлекет меншігіне алынды, деп жазады Egemen.kz.
2020 жылы бос жатқан алқаптарды анықтау үшін Қазақстанның 4 облысына ғарыштан мониторинг жасау жобасы іске қосылған болатын. Зерттеу нәтижесінде Маңғыстау облысындағы 2 миллионнан астам жердің бос жатқаны анықталған. Өткен жылы 445 шаруаға ескерту берілген.
«Жалпы ауыл шаруашылығына табысталған 3 млн гектардай жер бар. Қарақия ауданы негізінен көлемді жерді қайтарды, Маңғыстау ауданынан 12 шаруашылық 154 мың гектардай жерді қайтарса, Бейнеу ауданында ірі көлемдегі шаруашылық жоқ болғандықтан 45 мың, 10 мың гектар жер қайтарылып жатыр. Жерді 1 жыл ішінде пайдаланбағаны анықталса, әуелі ескерту беріледі», деді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов.