Жандос Базартай аудандық партия активінің кеңейтілген отырысына қатысты
Бүгін «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының партия активінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға арнайы партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, Саяси кеңесі мен Бюро мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен ардагерлер, сондай-ақ «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты.Күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралды. Аудандық филиалдың 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы баяндаманы Атқарушы хатшы Нұрғиса Жалғасбаев ұсынды.
«Өткен жылы Саяси кеңес, Бюро, фракция мүшелері және бастауыш партия ұйымдарының бірлескен белсенді еңбегінің нәтижесінде Қазалы аудандық филиалы өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен орындады. Сайлауалды бағдарламаның мақсаттары сапалы жүзеге асырылып, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, жол құрылысы, инфрақұрылым және басқа да салаларда 67 іс-шара іске асырылды. Депутаттық фракциямен 7 отырыс өтіп, 10 өзекті мәселе қаралды. 91 депутаттық сауал жолданды. Қоғамдық қабылдау алаңына 743 адам жүгініп, 69%-ының мәселесі оң шешімін тапты. Ауылдарда 13 мобильді көшпелі қабылдау ұйымдастырылды. «Ауыл аманаты» және «Жер аманты» жобалары бойынша да нәтижелі жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта филиал осы бағыттарды дамытып, ел игілігіне арналған маңызды жобаларды жалғастыра береді», — деді Нұрғиса Жаппарбергенұлы.
Келесі кезекте Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әділбек Сарабеков партиялық бақылау жұмыстарының нәтижелері мен негізгі бағыттарын таныстырды. Сонымен қатар бастауыш партия ұйымдарының белсенді қызметі де назардан тыс қалмады. «Шипагер» бастауыш партия ұйымының төрағасы Күншығар Әбілов 2025 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, ұйымның партиялық мақсаттарға қосқан үлесін атап өтті.
Жиын барысында облыстық филиалдың төрағасы Жандос Базартай аудандағы партияластардың бірлескен жұмысын жоғары бағалап, алдағы міндеттерді жеткізді.
«Аудандағы партияластарымыздың бірлескен жұмысы өте жоғары деңгейде. Партияның мақсат-міндеттерін, жобалары мен маңызды бастамаларын іске асыруда елеулі үлес қосып отыр. Өткен жылы ауданда сайлауалды бағдарлама аясында ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету, электр желілерін жөндеу, жол құрылысы, әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және басқа да маңызды іс-шаралар табысты жүзеге асырылды. Алдағы жұмыстарда осы ынтымақтастықты сақтап, бірлескен жұмыстарымызды сапалы әрі уақтылы орындау, барлық атқарылған істі халыққа ашық, кеңінен насихаттау, жастар мен әйелдердің саяси белсенділігін арттыру, кооперативтік жобаларды дамыту және партиялық бақылауды күшейту қажет», -деді төраға.
Сонымен қатар қоғамда қызу талқыланып жатқан Конституциялық реформаларға тоқталып, «AMANAT» партиясы бұл бағытта ашықтықты басты қағида етіп, жан-жақты әрі жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ азаматтармен тікелей, ашық диалог орнатуға ерекше мән беретінін атап өтті. Сонымен қатар партияның барлық мүмкіндігі мен ресурсы осы жұмыстарды тиімді жүзеге асыруға бағытталатынын жеткізді.
Партияның Саяси кеңес Бюросының мүшесі Талайлы Бөріқұлақов өз пікірін білдіріп, партияның атқарып жатқан жұмыстарының ауқымы кең екенін айтты.
Мәжіліс соңында бірқатар партия белсенділері мен «Ауыл аманаты» жобасын іске асырушы кәсіпкерлер партияның облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Жаңа партия мүшелеріне партиялық билеттер табысталды.
Жиын қорытындысында аудандық партия филиалының төрағасы Ғазиз Әліш партия активін ортақ бастамаларды жаңа серпінмен бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
#AMANAT














