Жаңа Ата Заң – ел болашағының айнасы

Күн сайын Конституциялық комиссияның отырыстары өтіп, еліміздің басты құжаты – Ата Заңға өзгертулер енгізу жолында маңызды қадамдар жасалды. Бұл жұмыстарды халық тікелей эфирден Telegram желісінен қарап отырды. Бір аптаға созылған комиссияның отырыстарының нәтижесі бүгін Конституциялық соттың ресми сайтында жарияланды.
Ұсынылған Жаңа Конституция – бұл еліміздің бағытын айқындап, болашағын бағдарлайтын, өткенін ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызбен үндесетін құжат.
Жоба әзірлеу барысында халықтың пікірі де ескерілді. e-Otinish және eGov порталдары арқылы келген сан мыңдаған ұсыныс тыңдалды, сарапталып, талқыланды. Сонымен қатар белсенді азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстары да назардан тыс қалмады. Барлығы бірігіп, ортақ ойға келіп, жаңа Конституция жобасы дайындалды.
Айта кететін жайт, Конституциялық комиссияның жұмысы тоқтаған жоқ әлі де жалғасуда.
Жаңа Конституция бұрынғыдан мүлде өзгеше. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, құжаттың мазмұны мен құрылымы жаңа. Конституцияның барлық бөлімдеріне және 77 бабына өзгеріс енгізіліп, жалпы мәтіннің 84%-ы жаңартылды. Жаңа жобада Преамбула, 11 бөлім және 95 бап ұсынылып отыр.
Мен, Жаңа Ата Заңның преамбуласы яғни кіріспе бөліміне тоқталып өтер болсам, елдің тарихын, дәстүрін, құндылықтарын көрсетіп, болашаққа бағыт береді. Кіріспе арқылы халық өз мемлекетінің тұтас бейнесін көре алады, қандай елде өмір сүріп жатқанын түсінеді, қандай мақсатқа ұмтылатынын біледі.
Біздің басты міндетіміз – осы құжатты түсініп, қадірлеу. Өйткені Жаңа Конституция – тек заң емес, бұл – елдің ертеңгі өмірінің айнасы, болашақ ұрпаққа қалатын құндылық.
Қазақстан – біртұтас, унитарлы мемлекет. Оның шекарасы мен жерінің тұтастығы – ешқашан талқыланбайтын, қол сұғуға болмайтын қасиетті ұғым. Бұл – болашаққа берік қалдырылатын басты аманат.
Біз Әділетті Қазақстан құруды мақсат етіп, қоғамда Заң мен Тәртіптің үстем болуын басты қағида деп танимыз. Әрбір азаматтың құқығы мен бостандығы заңмен қорғалып, ешкімнің құқығы аяқасты қалмауы тиіс екенін ашық мәлімдейміз.
Еліміздің басты байлығы – бірлік пен ынтымақ. Ұлты мен дініне қарамастан, барша азаматтың татулықта өмір сүруі, өзара сыйластық пен түсіністік орнауы – мемлекет дамуының берік негізі.
Біз мәдениет пен білімді, ғылым мен инновацияны елдің өркендеу жолындағы негізгі құндылықтар деп білеміз. Жас ұрпақтың сапалы білім алып, заманауи ойлайтын азамат болып қалыптасуына жағдай жасау – ортақ міндетіміз.
Табиғат – атадан қалған мұра ғана емес, келешек ұрпаққа аман жетуі тиіс қазына. Сондықтан оны қорғау, аялау – әр азаматтың азаматтық борышы.
Қазақстан әрдайым бейбітшілікті, барлық елмен достық пен ынтымақтастықты ту етіп ұстайды. Ашық саясат пен татулық – еліміздің халықаралық беделін арттыратын басты жол.
Біз алдағы ұрпақ алдында зор жауапкершілікті сезіне отырып, тәуелсіз еліміздің тағдырына бейжай қарамай, осының барлығын айқындайтын Қазақстан Республикасының Ата Заңын – Конституцияны қабылдаймыз.
Өмірзақ ТҮКТІБАЙ,
Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы, Қазалы ауданының құрметті азаматы,













