Жаңа Конституция: Мыңжылдық тарихтың сабақтастығы

Қазақстанның жаңа Конституциясы –халық пен билік арасындағы сенім мен сабақтастықтың көрінісіне айналғандай. Конституциялық комиссияның алтыншы отырысында алғаш рет ұсынылған жобаны әзірлеу барысында соңғы алты айда азаматтар, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен сарапшылардың пікірі толық ескерілді.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Бұл –әр баптың нақты және өзара үйлесімді түрде жасалғанын білдіреді.
Бір ерекшелігі – цифрландыру. Енді азаматтардың құқықтары цифрлық ортада да қорғалатыны Конституцияда ресми бекітілді. Бұл – заман талабына сай қадам.
Адам құқықтары жаңа Конституцияның басты бағыты болып отыр. Олар тек Преамбулада емес, бүкіл мәтінде басымдыққа ие. Әрбір бап адамның қадір-қасиетін, теңдік пен әділеттілікті қорғауға бағытталған.
Сонымен қатар, дін мен мемлекеттің ара-жігі айқын бөлінген. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты Конституцияда нақты көрсетілген. Мемлекет азаматтардың сенім бостандығын сақтап, білім мен тәрбие беру ісінде теңдік пен әділеттілікті қамтамасыз етеді.
Жаңа Конституция – Қазақстанның мыңжылдық тарих сабақтастығын, заманауи талаптарды және адам құқықтарын басты бағдар етіп жасалған стратегиялық құжат. Бұл – демократиялық, әділетті және цифрлық дамуға бейім қоғам құрудағы маңызды қадам.
Оразғали БЕКБАНОВ,
Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазалы ауданының «Құрметті азаматы»











