Аудан әкімі тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тұрғындардың жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өткізді. Қабылдауға барлығы 20 тұрғын қатысып, өздерін толғандырған әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін көтерді.Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан тұрақты жұмысқа орналасу, Әйтеке би кентіндегі Дулатов көшесін асфальттау және жарықтандыру, тұрғын үй кезегіне қатысты мәселелер, тұрғын үй алу, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсету жөнінде өтініштер айтылды. Азаматтар тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй кезегі мен тұрақты жұмыспен қамту бағытында болды.
Аудан әкімі әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кейбір мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, бақылауға алынды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша тиісті мекемелер арқылы тұрғындарға жан-жақты көмек көрсету жолдары қарастырылатын болды.
Алмасбек Әбілқасымұлы тұрғындарды қабылдау – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, өзекті мәселелерді дер кезінде шешудің маңызды тетігі екенін атап өтіп, мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ қабылдауда көтерілген әрбір мәселенің аяқсыз қалмайтындығын айтты.














