Жүктелген міндет жүзеге асуымен құнды
Аптаның әр сейсенбісінде аудан әкімдігінде өңір тіршілігінің өзекті мәселелері күн тәртібіне шығарылып, нақты міндеттер айқындалады. Қалыптасқан дәстүрге сай өткен мәжілісте аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жетілдіру, суды үнемдеу мен цифрлық технологияларды енгізу сынды маңызды мәселелерді басты назарға алды. Тұрғындардың тұрмысына тікелей ықпал ететін бұл саланың бүгінгі жай-күйі талданып, сала басшыларының есебі тыңдалды. Аудан басшысы әрбір бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырды. Осы міндет аясында ауданымызда бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Мәселен, өткен жылы жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын 4 жоба аясында, яғни Шәкен, Сарбұлақ, Шилі және Шитүбек елді мекендері орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде аудан халқы толықтай таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ендігі міндет – халыққа ауыз суды сапалы әрі үздіксіз жеткізу. Бұл бағытта тұрақтылық пен жүйелілік болуы шарт. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтуда ешқандай олқылыққа жол берілмеуі тиіс, – деді аудан әкімі Алмасбек Есмаханов.

Мәжіліс барысында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов салаға жауапты басшыларға су жүйелерінің жұмысын жүйелі бақылауда ұстауды тапсырды. Атап айтқанда, аудан аумағындағы барлық су нысандарына кешенді мониторинг жүргізу, ашық жатқан құдықтардың алдын алу, ауыз судың сапасына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Әйтеке би кентіндегі кәріз желілері мен сүзгі алаңын ағымдағы жөндеуден өткізу мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдау жөнінде тиісті мекеме басшыларына нақты міндеттер жүктелді.
Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқын көрсетілген агроөнеркәсіп кешеніне су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі де кеңінен талқыланды. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов егін шаруашылығында суды үнемді әрі тиімді пайдалану қазіргі кезеңнің ең өзекті мәселесі екенін айтып, бұл бағытта нақты шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.
Су тапшылығы жағдайында өнім көлемінің төмендеуіне жол бермей, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін егіс алқаптарын әртараптандырудың маңызы зор. Осыған орай, әкім алдағы вегетациялық маусымға дайындықты ертерек бастап, көктемгі дала жұмыстарына қажет тұқым, тыңайтқыш, техника және жанар-жағармайды алдын ала әзірлеу керектігін тапсырды.
Сонымен қатар су көздерін тиімді пайдалану үшін көктемгі су алу науқаны басталғанға дейін су шаруашылығы нысандарын жөндеп, каналдарды тазарту, насос қондырғылары мен су жеткізу инфрақұрылымының толық дайындығын қамтамасыз ету де басты назарда болуы керектігі айтылды.
Аудан әкімі ауыл шаруашылығы құрылымдарының өткен жылы пайдаланған суға қатысты қалыптасқан қарыздарын өтеу мәселесіне де ерекше назар аударды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде үйлестіріп, ауылдық округтер, тиісті мекемелер және аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі бірлесе отырып, нақты іс-шаралар жоспарын түзіп, жұмысты тиянақты жүргізу қажеттігін тапсырды.
Су ресурстарын басқару тек келешек маусымға дайындықпен шектелмей, өткен жылғы берешектерді реттеу арқылы су пайдаланудың жауапкершілігін арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Мәжіліс соңында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов облыс орталығында өтетін Құрылтай жиынының ерекше мәнге ие екенін айтып, идеологиялық жұмыстарға жауапты орынбасарына оның маңызын халыққа кеңінен түсіндіру, ақпараттық жұмыстарды жандандыру жөнінде нақты тапсырма жүктеді.
Арайлым ЖҮСІПОВА














