Қазақстанда тұрғын үй бағасын бекіту ұсынылып отыр
Үкіметте өткен брифингте өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Қазақстанда тұрғын үй бағасын реттеу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.БАҚ өкілдері 2026 жылдың қаңтар айындағы статистика бойынша жылжымайтын мүлік бағасы 15%-ға өскенін, ипотекалық бағдарламалар бағасы да көтеріліп жатқанын айтып, осы ретте министрден қандай шаралар қолданып жатқанын сұрады.
Қуандық Қажкеновтің айтуынша, министрлік нарықтық қатынастарды реттемейді, ол – тұрғын үйді сатушылар мен сатып алушылардың төлем қабілетіне негізделген еркін қатынас.
«Бұл тетіктерді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ретінде реттеуге біздің құқығымыз жоқ.Алайда 2025 жылдың қорытындысын алып қарайтын болсақ, құрылыс саласындағы баға қалыптастыруға қатысты жеке бөлім бар және оны Құрылыс кодексі аясында күшейттік. Біз үйқұрылысы комбинаттары салатын тұрғын үйлердің шаршы метрінің құнын реттейміз....Біз тұрғын үйді нарық салсын, ал жергілікті атқарушы органдар дайын тұрғын үйді нарықтан сатып алып, оны кезекте тұрған азаматтарға берсін деген тетікке көштік», – дейді вице-министр.
Қажкеновтің мәлімдеуінше, Республика бойынша жалдамалы тұрғын үйдің орташа шаршы метрінің құны – 326 мың теңге.
«2026 жылға арналған тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құнына келсек, 10 желтоқсаннан кейін жүргізілген талдау нәтижесінде республика бойынша орташа баға 347,3 мың теңге болады деп болжанып отыр. Бұл көрсеткіш климаттық ерекшеліктерге, сейсмикалық жағдайға және басқа факторларға байланысты өзгереді», – дейді ол.
Ал жалдамалы тұрғын үйлердің бағасын, вице-министрдің айтуынша, Өнеркәсіп министрлігі реттейді.
«Қазір Құрылыс істері комитетімен бірлесіп, бағаны бекіту және оны үйқұрылысы комбинаттары арқылы жүргізу тетігін пысықтап жатырмыз. Елдің әр өңірінде дерлік үйқұрылысы комбинаттары бар. Егер белгілі бір көлемді офтейк-келісімшарт арқылы (ұзақ мерзімді келісім, сатып алушы тұрғын үйді сатып алуға алдын ала кепілдік береді) алдын ала келіссек, бағаны 2–3 жылға белгілеуге болады. Қазіргі ұсынысымыз осындай», – деді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.
Сондай-ақ ол Астана мен Алматыдағы тұрғын үйлерді арнайы аралап шыққанын атап өтті. Оның айтуынша, бизнес немесе элиталық санаттағы тұрғын үйлерді санамағанда, 3–4 санаттағы тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің құны нарықта 400–450 мың теңге шамасында.











