Топ-баннер
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сеңгірлі сегізінші белеске сергек көтерілді

Сеңгірлі сегізінші белеске сергек көтерілді

Ақкиіз ауылынан
Біздің туып, өскен топырақ паровоз, вагон депосы, клубы, вокзалы бар Қазалы станциясының күншығыс бөлігі орталық шойын жолдан басталып, күнгейдегі мұз қала мен теріскейдегі Түйтен темір жол өткелі арасында созылып жататын. Маңдайы өркеш-өркеш сусымалы құм төбеге, Алтай арнасынан тарамдалатын көл мен өзекке тірелетін. Бесінші квартал атанған елді мекеннің кәсіп иелерінің дені теміржолшылар. Ақын Ж.Молдағалиев «Байқоңыр баспадақтары» поэмасында: «Қазыдай тілігі, қауыны нән, кәдімгі Қарасақал ауылынан», – деп сипаттама беретіні бар. Біздің кейіпкеріміз сол тұстағы тал, терегі өскен, бақша әремі жайқалған Ақкиіз ауылының төл тумасы еді.
Ақкиіз ауылының перзенті Орақ ағамызды Алматыдағы университет қабырғасында жолықтырғанға дейін жүздесудің сәті түспеген. Оның оқыған мектебі мен техникумы станса мен қаланың әр түпкірінде. Одан кейінгі жолы Қазалы ауыл шаруашылық техникумында, Самарқандағы танк ротасында әскери борышын үш жылдық өтеумен өрбиді. Білім қуып 1969 жылы Алматыға аттанады. ҚазҰУ-дың саяси-экономика факультетінің студенті атанады. Орекеңмен танысқанға дейін әкесі Жолмырза ақсақалды, сыныптасым, қарындасы Шәкизада, інісі Ахметжанды көрдік. Ал анасы Жамиламен Алматыдағы айнымас, адал досы Рахман екеуінің жалдаған пәтерінде дастарқандас болдық. Апамыз: «Орақжанымның оқитын орны мен жатқан жерін өз көзіммен көрейін», – деп арнайылап келген екен.
Кейінгі жылдарға дейін бесінші кварталының жастарына кент орталығындағылардың төмендету пиғылымен қарайтын. Себебі мұндағы жалғыз мектептің өзі жеті жылдық. Мәдени ошағы, демалыс орны, кітапханасы жоқ. Соған қарамай, білім мен өнер қуған жастар қауымы ауылдастар арасынан көптеп шықты. Ерқосай, Нақан, Әзім, Ботабай, Қалжан ағаларымыз көрші Өзбекстандағы Ташкент темір жол институтында оқыды. Әр деңгейдегі басшылық қызметтер атқарды. Нәдия апамыз жыршылықты, әншілікті, Қайырбай ағамыз суретшілікті серік етті. Журналистика көшін Шәріп Бегімбаев бастады, Мырзахан мен Ермек ініміз жалғастырды. Мектепті медальмен тәмамдаған Шайхыслам мен Есқара ағамыз да білікті мамандар атанды. Осы топты Гипократ антына адалдық танытқан дәрігерлер: Сражадин мен Нағашыбай толықтырды. Ал бүгінде ғалымдық, ұстаздық қызметімен атағы жер жарған э.ғ.д., «Тұран – Астана» университетінің профессоры, Қазақстан экономикалық ғылымдар Академиясының академигі, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Орақ Әлиев ағамыздың орны тіпті ерекше.
Ассисенттен академикке дейін
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Ассисент – жоғары оқу орындарында, операцияларда профессорға, дәрігерге көмекші, ғылыми қызметкер», – деп анықтама берілген (А. 2008 ж. 62 бет.). 1974 жылы университетті үздік аяқтаған Орекеңді басшылық Талдықорғанның педагогикалық институтына жолдамамен оқытушы етіп жібереді. Жаңадан ашылған оқу орнында саяси экономия пәнін оқыту әлі де жолға қойылмағандықтан, жас маман босату рұқсатын алып, Алматыға оралады. Қыркүйектің басында республикалық ғылым академиясы экономика институтының «Салалық және аумақтық жоспарлау» бөліміне экономист болып қабылданады. Институт директоры атақты экономист ғалым, академик Ж.Әшімбаев, кафедра меңгерушісі, профессор Я.Әубәкіров білімді жасқа ықылас танытып, қолдау көрсетеді.
Ізденімпаз жан аталған бөлімде жұмыс істей жүріп, университеттің саяси экономика факультетінде қазақ тілінде семинар сабағын қоса атқару мүмкіндігіне ие болады. Білім қарашаңырағындағы журналистика факультетінде оқып жүрген біздер ұстаздық жолын жаңа ғана имене бастаған ағамыздың алғашқы қадамының куәгеріміз. Түсінігі ауыр, өте күрделі пән саналатын сабақтан Ұлы Отан соғысы майдангері, аға оқытушы, қатал да талапшыл Егізбай Қанатбаев дәріс оқитын. Ал Орекең семинар сабақты жүргізетін. Халықаралық термині мен орысшасы басым пәнді төл ұғымға сай жүргізуі, тақырыпты қазақы тіркестермен жатық та түсінікті тілде жеткізуі өзге оқытушылардан ерекшеленіп тұратын. Біздің аға-інілік сыйластығымыз бен байланысымыз үзілмей күні бүгінге дейін жарасымды жалғасын тауып келеді. Ғылым, оның ішіндегі күрделі экономика саласына жан-тәні, бар болмысымен ден қойып, тауқыметі мол, азабы жетерлік жүйенің қатардағы ассисентінен табандылығы, білімпаздығы, ізденімпаздығы арқасында мүйізі қарағайдай академик дәрежесіне таза еңбегімен көтерілген профессор Орақ Жолмырзаұлының өмір жолы мен өнегесі ғылымды серік еткен жастары тағылым. Көкжиегі кең мектеп ғана емес, үлкен өмір университеті.
Докторлығын Мәскеуде қорғаған
Батыс әлемі ойшылының: «Ғылым биік бір жартас. Оған самғап ұшып қыран да, бауырымен жорғалап жылан да шығады», – деген даналық тәмсілі біздің кейіпкеріміздің төл табиғатына тән. Жазбамызда экономика ғылымының кандидаты, доцент атанғаның, өзі айтпақшы, «кандидаттық эпопеясын» баяндаудан гөрі, докторлық диссертациясын қорғаудағы басынан өткізген қиындықтар жайлы әңгімелегенді құп көрдік.
Жеткен жерім, шыққан биігім осы екен деп, қол қусырып отыруға дағдыланбаған, ізденіп, тек алға ұмтылатын Орекең мәртебелі докторлық атағын беделді ғылыми ортада, үлкен мінберде қорғаудың әзірлігін күні бұрын жасайды. 1980 жылы ұзақ жылғы тегеурінді ізденісінің нәтижесінде сараланып, сегіз рет авторлық түзетуден өткен «Социалистік жер рентасын зерттеудің кейбір әдістемелік проблемасы» атты ғылыми мақаласы Одақтың басты теориялық «Экономикағылымы» журналында жарияланады.
Өзін қолдайды деген экономист серкелердің кейбіреуі сырт айналды. Тіпті жақын әріптесінің бірі аталған тақырыптан аулақ жүруді ескертеді.
2004 жылдың қаңтарында М.Ломоносов атындағы МГУ-да докторлық диссертация авторефератын мамандардың көмегімен ресми мақұлдаудан өткізу үшін шапқылап жүргенінде, Мәскеулік коллегасы, профессор А.В.Сидоровичті жолықтырады. Мәселенің мән-жайын түсінген ол мықты әдіскер, саяси экономика кафедрасы доценті А.И.Московскийге жолығуға кеңес береді. Іздеген ғалымы алғашында пәлендей ыңғай бермесе де, ұсынған визиткасымен танысқан соң: «Сәл бөгеліңіз, сіз журналға жер рентасы теориясы жайлы мақала жарияланған Әлиев емессіз бе?», – деп сұрайды. «Иә, мен, сол Әлиевпін», – дегенде ол дереу қол беріп амандасады. Мақаланы оқығанын, көңілден шыққанын айтады. Авторефератты ықыластана қабылдап, араға екі күн салып, диссертацияны ғылыми кеңесте қорғауға рұқсат еткен ұсыныс пікірін жазып береді.
Орақ ағамның «Білімге барардағы қияметті жол» атты «Тұран – Астана» университеті баспасынан 2024 жылы жарық көрген кітабын оқығаннан соң мына жағдаятқа қанықтым.
Ғылыми Кеңесте қорғалатын диссертацияның беташары саналатын «Теориялық экономика пәні және әдістемесі» монографиясы ғалымдар сүзгісінен өтіп барып, жазылады. Оның алғашқы «Теориялық экономика» нұсқасы авторлық оқу бағдарламасы болып 1996 жылы ҚР Оқу министрлігі елдегі жоғарғы оқу орындары үшін типтік бағдарлама ретінде шығарып, таратады. 2002 жылдың желтоқсанында университет ректоры К.Нәрібаевтың қабылдауында болып, талай жыл тер төгіп жазған диссертациясын гумманитарлық факультеттің саяси экономика кафедрасында талқылауға рұқсат алады.
Кафедраға факультет түлегі, э.ғ.д. Б.Байжұмаев жетекшілік ететін. Диссертациялық Кеңестің төрағасы профессор Я.Әубәкіров болатын. Талқылау 2002 жылдың 8 қаңтарында өтеді. Оған кафедра мүшелерімен қатар қызметтес әріптестері: Ө.Шеденов, И.Бибатырова, Т.Есіркепов, С.Аханов т.б. қатысады. Баяндама жасалып, қойылған сұраққа жауап қайтарылғасын қызу талқылау басталады. Сөз сөйлеушілердің көбісі дерлік тырнақ астынан кір іздегеннің кебімен ғылыми еңбекке ақылға сиымсыз кінәрат тағады, «мін» табады. Түтіп жемесе де, соған тақылеттес «мінез» танытады. Тіпті Кеңес төрағасының өзі «... Диссертацияны күрделендірмей, қарапайым халық тілімен жазу керек еді!», – деп тұқыртады. Әдетте көп көптігін жасары бар ғой! Үш сағатқа созылған отырыс соңында «Диссертациялық еңбек 08.00.01 щифрына сай келмейді. Басқа Кеңесте қаралсын!», – деген ұйғарым шығарады. Жайшылықта тонның ішкі бауындай болып жүрген әріптестерінің мұндай оғаш әрекетіне іштей күйінсе де, сыр бермеген Орекең қорытынды сөзінде: «Отыз жылдан бері біте қайнасқан кафедрама ғылыми сый жасамақшы болған еңбегімді қабылдамасаңыздар да, оны талқылауға қатысқандарыңызға, арнайы уақыт бөлгендеріңізге рақмет айтамын. Бірақ мен алған бетімнен қайтпаймын! Қазақы дәстүрмен баршаңызды жұбайым Сәуле жайған дастарқанға шақырамын!», – деп мәрттік танытады. Ақ дастарқанға біреу барады, екіншісі ұяттан өртеніп, тұра қашады. Абырой болғанда тарихшы ғалым Е.Бекмаховтың қазақтың соңғы ханы Кенесарыға «қарақшы» емес, патшалық Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы деп баға берілген докторлық диссертациясын жоққа шығармақшы болған әсіре белсенділердің әрекет сценарийі арада жарты ғасыр өткенде қайталануға шақ қалады.
Қанша қиындық кездессе де түпкі арман мақсатына жетуде шаршап, жабығуды білмейтін Орақ адал достарымен ақылдаса келе «Аты шулы» диссертациясын Ленинградтағы мемлекеттік университетте қорғауға бел буады. Себебі бір жылдары онда ғылыми тағылымдамадан өткен, диссертация тақырыбы талқыланып, бекітілген болатын. Осы екі аралықта ресейлік әріптесі, саяси экономика кафедрасы меңгерушісі және МГУ проректоры қызметін қатар атқаратын А.В.Сидорович хабарласады. Жағдайға қаныққан соң ғылыми еңбегін Мәскеуде қорғауға шақырады. Келісім берерден бұрын мән-жайды былайша түсіндіреді: «МГУ-дің аты, МГУ. Егер қиындық туындаса, өзімізге келерсің», – деп сәттілік тілейді. Қызығы сол, О.Әлиевтің Мәскеуге жиналғанынан хабардар болған Алматылық әріптестері араға адам салып, кафедраға оралуын, еңбегін қайта қарайтынын айтады. Ағамыз бұл ұсыныстан дереу бас тартады. Досы Р.Алшанов және зерделі ғалым А.Құсайыновпен ақылдаса отырып, Мәскеу сапарына тоқталады.
«Шешінген судан тайынбас» дегендей, ғалым жан жары Сәулені жанына көмекші әрі тірек етіп алып, алдымен Мәскеуге, сосын Питерге жол тартады. Ұзақ жылғы ізденістен туған ғылыми еңбегін жоғары бағалаған Ресейлік профессор, ғалымдар: В.Т.Рязанов, Л.Д.Широкорад, В.А.Пешехонов, И.К.Смирнова, А.И.Добрынин, В.И.Котелкин ж.б. жәрдемі және көмегі арқасында 2004 жылдың 4 қарашасында «Теориялық экономика пәні және құрылымы» тақырыбында Қазақстан асып, Ресейге жеткен докторлық диссертациясын сәтті қорғалады. Талас, тартыссыз өтеді. Жасырын дауыс беру нәтижесі және ғылыми Кеңестің шешімімен ағамызға бірауыздан 08.00.01 мамандығы бойынша экономика ғылымының докторы ғылыми атағы беріледі. Күпті болған көңіл орнына түседі. Ақиқат жеңеді, әділет үстемдік құрады.
Түйін: Экономика ғылымының докторы, профессор Орақ Жолмұрзаұлының қазіргі мәртебесі биік. Еңселі «Тұран» университетінпрофессор Р.Алшанов қандай еңбекпен ашқандығы, 350-ден астам ғылыми еңбек жарияланымы, екі ғылыми монографиясы, басқа да атақ дәрежесі, лауазымдық қызметі турасында тізбелеуді артық санадық. Айтпағымыз, Алаш көсемі А.Байтұрсынов пен Л.Гумилев атындағы медальдің иегері, Халықаралық «Европа-Азия» гуманитарлық және Қазақстан экономикалық ғылымдар Академиясының академигі Орақ ағамыздың сан қырлылығы, яғни бірыңғай экономика тақырыбында шектеліп қалмай қазақ руханиятына, онда да Абай ілімін танып, білуге қатысты мақалалары жетіп артылады. Хакім Абайдың: «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім» насихатына адалдық танытқаны дәтке қуат. Балқы Базар жыраудың: «Есітуге кім құмартпас ғалым сөзін» деген ұлағатына сай әр қиырдағы үлкен аудиторияларда оқып жүрген мазмұнды лекциясының да тағылымы зор. Еліміздегі ақсақалдар институтының рөліне сипаттама беруі, құнды ұсыныстарды ортаға салуы келесі бір әңгіменің тақырыбы. «Тұран-Астана» университетінде ғалымның мерейтойына орай «Метаэпистемология – үшінші мыңжылдықтың білімтануы, Оның қайнар көзі, проблемасы мен көкжиегі туралы» тақырыбында ұйғарылған Халықаралық ғылыми конференцияның мазмұны тағылымды.
Мағыналы ғұмырын таза ғылымға арнаған, жақсылығын еселеп, шұғылалы нұрын төңірегіне шашып жүретін, қоғамға әлі де берері мен айтары көп ғалым, ұстазды сеңгірлі сексенге толған мерейтойымен құттықтай отырып, алдағы өмірінің мәнді де ғибратты ойдан ұшқын, сөзден өрнек туғызуына інілік ақ тілегімді жеткізгім келеді.
Қараша ҚАРАМАН,
Алматы облысы
10 қаңтар 2026 ж. 205 0

Тарихтан жеткен тағылым

03 наурыз 2026 ж. 173

Жылдам байлық иллюзиясы

03 наурыз 2026 ж. 76

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031