Бақытқа бастар бір шешім
Маржан үш баласын ертіп ауылға оралды деген хабар жетісімен, Назира жеңгейдің қабағы кіржиіп, ішінен ауыр күрсінді. «Ойбу, осы қыздың жолы болмай-ақ қойды-ау» деді ол күрең шайын ұрттап отырып. «Әттең, ана сары сүйкімсізге күйеуге шықпағанда ғой... Жап-жақсы қыз еді, әке-шешесінің үміті. Содан бері көргені – тек бейнет. Жеңгейдің көңілі алай-дүлей. Бөлме ішінде жүріп:
– Қайтсін енді, қайын жұрттан қайыр болмады. Бармаған жері, көрмеген күні жоқ. Бір өзі шиеттей бала-шағамен жүгіріп, – деді күрсіне.
Сәлден соң: «Еркек деген есерсоқ болады, деуші еді анам жарықтық. Сол рас екен. Қатынның маңдайына не жазылса, соны көреді екен» деді күбірлеп.
Маржанның тағдыр жолы талайлардың аузында жүрген. Күйеуге тиеді деген хабар тарағанда, ауылдағы біраз адам таңдана қарап еді. Жігіт атаулыға мән бермей, тек мансап қуып жүрген қыздың бір күнде өзгеріп сала бергені расында бәрімізге тосын жай болған-ды. Бірақ «бақытын тапса, тапқан шығар» деп елеңдеген жұрт соңында ақжарма тілекпен ұзатып салған.
Алғашқыда бәрі тату-тәтті, жарасымды көрінген. Бірақ бірінші сәбиі дүниеге келгеннен кейін ертегі аяқталғандай болды. Күйеуінің мінезі мен жауапкершілігі ақсап жатқаны байқала бастады. Маржан сәбиін құшақтап, ата-анасының шаңырағына қайта оралғанда, туыстар екі жасқа тағы да үміт артып, табыстырған. Араға уақыт салып екінші перзентін өмірге әкелді. Бірақ өмірі қайтадан сол сүрлеуге түсті. Жанжал, жалғыздық, жауапсыздық...
Соңында Маржан бәріне нүкте қойып, қалада өз бетінше күн кешуге бел буды. Үш баласын жетектеп, ешкімге алақан жаймай, жалдамалы пәтерде тіршілік етуде. Арқа сүйер азаматы болмаса да, еңсесін түсірмей, балаларын қанаттыға қақтырмай өсіріп отырған жалғызбасты ананың жайын тек жүрекпен ұғынуға болады.
Бірнеше айдың жүзі өтті. Маржан бәрін ұмытқысы келген, өткенді санасынан ысырып тастағысы келген. Бірақ өткен үнемі алдынан шығуға шебер. Күндердің бір күнінде телефоны безілдеп, экранда енесінің аты жарқ ете қалды. Ішінен бір нәрсе дір ете түсті. Терең дем алып барып, қоңырауға жауап берді.
– Қызым, амансың ба? Немерелерім жақсы ма? – деді ар жағынан таныс дауыс.
– Шүкір, апа. Өзімізше тіршілік етіп жүрміз, – деді Маржан сабырлы үнмен.
– Балам, кешір. Бәріміз де қателестік. Балаларды көргіміз келеді. Үйге қайтшы. Бір сәт ойланып көр, айналайын...
Бұрын салқын сөйлейтін енесінің даусындағы мұң мен өкінішті Маржан анық сезді. Құлағына «үйге қайтшы» деген сөз ұзақ жаңғырып тұрды. Тұтқаны қойған соң да, ойынан кетпеді… Маржан ойланып-толғанып, тіпті бірнеше түн кірпік қақпады. Бұрынғы жара қайта тырналып, көңілі күпті болды. Бірақ аналық жүрек ақылға басым түсті. «Балаларым әкесін жек көрмей өссін. Ертең тағдыр алдарынан тағы сондай сынақ шығарса, кешірімді бола білсін» деп шешті.
Сөйтіп, аздаған затын жинап, қыздарын жетектеп, ескі үйге қайта оралды. Есіктен кірген сәттегі үнсіздік бәріне жауап бергендей еді. Бәрі өзгеріпті. Үйдің іші де, адамдардың көзқарасы да. Күйеуі бұрынғыдай емес, мұң басқан. Балаларына қарап жылап алған сәтін де көріп қалды.
Сол күннен бастап бұл отбасының өмірі баяу болса да, басқа арнаға бұрыла бастады. Күндер зулап, өмір өз арнасымен ағып жатты. Бар ауыртпалықты арқалап жүріп, Маржан үшінші сәбиін дүниеге әкелді. Бұл жолы Алла бір ұл сыйлады. Үй ішін шаттық билеп, ер бала туғанына бәрі қуанды. Аз уақытқа болса да, бәрі жақсы жаққа бет алғандай көрінді.
Алайда бақыт ұзаққа созылмады. Тағы да дау-дамай. Бұл жолғы жанжалдың түбі – баспана. Бұған дейін бір бөлмелі тар пәтерде қысылып-қымтырылып өмір сүрген олар, Маржанның өз еңбегімен жинаған қаражаты қосылып, кеңірек үш бөлмелі үйге көшкен еді.
Бірақ қуаныш көпке бармады. Енесінің айласы тағы алдарынан шықты. Жаңа баспананы өз ұлының емес, өз қызы, яғни қайынсіңлісінің атына рәсімдемекші екенін естігенде, Маржан төбесінен суық су құйғандай күй кешті. Өз маңдай терімен келген дүниенің басқа біреудің атына жазылмақ болғаны ішке сыймас әділетсіздік еді.
Сонда енесінің ойы – егер тұрмыстағы қызы күйеуінен ажыраса қалса, осы үйді соған ұстатпақ екен. Бұл жағдай Маржанның жанына қатты батты. Бірдеңе деп қарсылық білдіргісі келген, бірақ оны тыңдар жан жоқ. Күйеуі тіптен үнсіз, бәрін ата-анасы шешіп қойған. «Ұнамаса, жөніңді тап!» дегенді ашық айтпаса да, ишарамен аңғартқан.
«Үй боламыз, кеңірек жерде бала-шағамен еркін өмір сүреміз» деп, бар жиған-тергенін қосқан баспанадан енді қуылу Маржан үшін нағыз сатқындықтай сезілді. Ашуы ішінде буырқанып, енесіне ойын ашық айтып салды. Алайда ол сөзге тоқтар емес, керісінше, үйден кетуге итермеледі.
Күйеуінің дәрменсіздігі, ештеңе демей қарап тұруы одан бетер жанына батты. Ақыры, үш баласын жетектеп, үйден шығып кетті. Бұл жолы ауылға емес, тура елордаға бет алды. Өйткені бұрынғыдай артына сүйенер әке шаңырағы жоқ. Анасы болса, әпкелерінің үйінде. Ағалары өз тіршілігімен, бәрі бөлініп кеткен.
«Ауылда үш күн жатсам, төртінші күні өзіңді бөтен сезінесің» деген ойы шындыққа айналатындай. Ендеше, бас қалада жаңаша өмір бастаудан басқа жол жоқ еді. Бірақ үлкен қала арзанға түспейді. Күндер өте балаларының денсаулығы сыр беріп, қалтасы жұқара бастады. Шыдамын ішке жинап жүргенімен, Назира жеңгесі мән-жайды сыртынан естіп, өзі хабарласты. Маржан көңілін білдіргісі келмей, бәрі жақсы деп сыр бермегенімен, жеңгесі бәрін сезіп қойды.
– Маржан, ат арытып алысқа кетіпсің. Алды-артыңа қарамай, тұра қашатындай не көрінді? Жақының жоқ па еді, қайт ауылға. Ағаң аз-маз ақша салады жолыңа. Үйде боласың, – деген Назира жеңгесінің даусында реніштен гөрі алаңдаушылық басым еді.
– Ел не дейді? – деді Маржан іштегі қорқынышын жасыра алмай.
– Елдің аузына қақпақ бола алмайсың. Айтқысы келген айта берсін. Бірақ сенің балаларың үшін ең әуелі тыныштық керек, – деп жеңгесі сөзді көп созбай тыйып тастады.
Сөйтіп, артынып-тартынып, Маржан ауылға қайта оралды. Алақандай ғана бөлмеге жайғасып, есін жиып, бала-шағасымен тыныстауға мүмкіндік алды. Уайыммен тұмандалған күндер артта қалып, баяу болса да бұрынғы сергек қалпына келе бастады.
Көп ұзамай жұмысқа да орналасты. Қол қусырып қарап отырмай, балаларын бағып, тіршілігін тіктеуге көшті. Өткенді ой елегінен өткізіп, заңды жолмен алиментке арыз берді. Сол кезде ғана хабарсыз қалған күйеуден хат келді.
– Маржан, балаларды сағындым. Қайтатын ойың жоқ па? Бұнымыз жарамас, балалар үшін. Қайта қосылайық, қашанғы жүреміз осылай? – деді ол іштей бір үмітпен.
Бірақ бұл жолы Маржан бұрынғыдай үнсіз, әлсіз қалпында емес еді. Жүрегіндегі жара жазылмаса да, ақылы салқын, көзқарасы айқын.
– Егер бәрін шынымен қайта бастаймыз десең, бір ғана шартым бар. Үй менің атыма өтеді. Үш баламен тағы да баспанасыз қалғым келмейді, – деді байыппен.
Ол құр уәдеге сенбейтін болған. Осы уақытқа дейін талай рет сеніп, сан соқты. Енді қателесуге хақысы жоқ.
Жолдасы барша қиындықты қабылдаудан бас тартса да, жүрегінің түбінде отбасын жоғалтқысы келмейтінін сезді. Уақыттың аясына төтеп бере алмаса, сүйікті әйелінен және баласынан айырылып қалатынын терең түсінгендей. Сөйтіп өмірінде батыл қадам жасап, бір шешімге келді. Әке-шешесімен сөйлесіп, үйді өз атына аударды. Содан соң, Маржан өткеннің көлеңкесін артта қалдырып, күйеуімен бірге үйіне қайта оралды. Осылайша, олар бір шаңырақ астында берекелі өмірдің жаңа дәуренін бастаған еді.
Арайлым ЖҮСІПОВА
Фото: Жасанды интеллект














