Бақытқа бастар соқпақ

– Жолым болмай жүр, әпке, – деді ол сыбырлап.
– Әнеугүні құмалақшыға барып қайттым...
Бұл сөзді естігенде таңырқай қарап қалдым. Әдетте ондайға сенбейтін, тіпті ондай жайлы сөздің өзін жақтырмайтын сіңілімнің аузынан мұны есту – мен үшін тосын болды.
– Құмалақшыға? – дедім сенер-сенбесім жоқ күйде.
– Сен ондайды мойындамайтын едің ғой?
– Солай еді... Бірақ адам үміттен айырылғанда бәрінен медет іздейді екен. Барып едім, көңілім аз да болса жайланып қалды. Әпке, ол кісі өмірімді көз алдыма жайып салды. Өткенімді де айтты, болашағымды да болжады. «Бәрі жақсы болады, көп ұзамай тұрмыс құрамын» деді. Іштей бір сенім пайда болды, – деді сіңілім әлсіз жымиып.
Жол бойы үнсіз қалдым. Бір жағынан сіңілімнің үміттенгеніне қуансам, екінші жағынан жүрегімде күмән пайда болды. «Тағдырды Алладан басқа кім біледі? Болашақты қалай айтады? Бұл – сенімге қайшы емес пе?» – деген ойлар мазалады.
Сіңілім болса жеңілденіп қалғандай, болашаққа сеніммен қарағысы келіп тұрды. Оның үміт оты қайта жанғанын көріп, мен қарсы келгім де келмеді. Бірақ жүрегімде бір ауыр ой іркіліп тұрды.
Ертесі күні мешітке бардым. Ішімдегі сұрақтар маза бермеді. Намаздан кейін имамға жолығып, сіңілімнің жағдайын, құмалақшыға барғанын айтып бердім.
Имам жымиып тыңдады да:
– Қызым, тағдырды Жаратқан ғана жазады. Бірақ кейде адамдарға бір жылы сөз, бір үміт сәулесі керек болып тұрады. Құмалақшының айтқаны рас емес шығар, бірақ ол сенің сіңіліңнің үмітін қайта жаққан. Енді сен оған дұрыс бағыт сілте. Үмітін адамдардан емес, Алладан күтуді үйрет, – деді.
Осы сөздерден кейін бойым жеңілдеп қалды. Сіңіліме бәрін бірден айтып салған жоқпын. Бірақ жүрекке ауыр тимейтіндей етіп, ақырындап түсіндіруге бекіндім.
Сол кеште екеуміз тағы да бірге серуендеп шықтық. Бұл жолы сіңілімнің жүзінде бұрынғыдан да жарық нұр бар еді. Ол болашағын елестетіп, қиялға беріліп, тәтті әңгімесін айтты. Мен тек тыңдап келе жаттым. Жүрегімде бір ғана тілек тұрды: «Жаратқан, осы балапанымның жүрегін үмітке толтыр, бірақ соқпағын Өзіңнің хақ жолыңмен жүргіз».
Сол күннен бастап сіңіліме ақырын-ақырын айтып жүрдім. Үмітті Жаратқаннан күту керектігін, әр қиындықтың артында бір қайыр болатынын. Ол да тыңдай жүріп, біртіндеп жүрегіндегі сенімін нықтай бастады.
Арада айлар өтті. Көктемнің алғашқы күндерінің бірі еді. Үйге қуанышты хабар жетті. Сіңілімді ұзатып бара жатқанымызды естігенде жүрегім шаттыққа толды. Таныс-бейтаныс адамдардың ішінен оны шын бағалап, қадірлейтін жан жолықты.
Той күні сіңілім ақ көйлекпен жарқырап шыққанда көзіме жас келді. Жаңа өмірге қадам басқанын көріп, жүрегімдегі күмәнді ойлардың бәрі сейілді. «Тағдырды Алла жазбай ма?» деген сұрағымның жауабын сол сәтте анық сезіндім. Расымен, тағдырдың жақсылығы тек Жаратқанның қалауымен келеді екен.
Сіңілімнің жүзіндегі бақытты күлкісіне қарап, мен де ішімнен шүкіршілік еттім. Оның үміті қайта оянғаны – бізге де қуаныш сыйлады. Жүрегімнен бір ғана тілек шықты: «Алла, осы баянды бақытын баянды қыла гөр».
Арайлым ЖҮСІПОВА
Фото: Жасанды интеллект