Жаңа жылдық кеш балғындарды шаттыққа бөледі
Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың қатысуымен аудандағы жергілікті атқарушы органдардың, мекеме, кәсіпорын қызметкерлерінің балаларына арналған жаңа жылдық шырша кеші өтті.Әйтеке би кентіндегі «Руханият» орталығында өткен «Бар жақсылық балаларға» атты мерекелік шараға 80-ге жуық бала қатысты. Жаңа жыл кешінде аудан әкімі сөз сөйлеп, балғындармен олардың ата-аналарына жылы лебізін жеткізді.
- Ескі жыл еліміз үшін мерейлі белестер жылы болды. Барлық салада да өсіп, өркендеу бар. Әрине, оған Сіздердің ата-аналарыңыздың қосқан үлесі зор. Елімізді жыл сайын болашағымыз балалардың жарқын болашағы үшін біршама жұмыстар атқарылуда. Жаңа, заман талабына сай жабдықталған мектептер мен балабақшалар, спорт кешендері, спорт және ойын алаңдары көптеп салынуда. Еліміздің келешегі саналатын Сіздер үшін жасалып жатқан игі істер әрі қарайда жалғаса беретін болады. Баршаңызға жаңа жылқы жылында бақыт, денсаулық, жарқын болашақ тілеймін. Жаңа шындардан көрініп, ауданымыздың даңқын көтере беріңіздер, - деді аудан басшысы.
Мұнан соң жаңа жылдың кейіпкерлері аяз ата мен ақшақарды қарсы алған құлыншақтар ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салып, аяз атаның сыйлықтарына ие болды. Сондай-ақ, жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлерінің ғажайыпқа толы қойылымдарын тамашалап, ерекше күйге бөленді.
Жаңа жылдық мерекеде балақайларға аудан әкімінің арнайы сыйлықтар үйлестіріліп, тәтті торт сыйға тартылды. Шара соңында бөбектер жайылған дастарханнан дәм татып, қуанышқа кенелді.














