Сенім мен сұраныс үйлесім тапқан
Қазіргі таңда көлік жүргізу мәдениеті мен жол қауіпсіздігін арттыру – қоғам үшін аса маңызды мәселелердің бірі. Осы бағытта Қазалы ауданында табысты жұмыс істеп келе жатқан «Otan Kazaly» өндірістік оқу орталығы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғындарға сапалы әрі жүйелі білім беріп, кәсіби жүргізушілерді даярлауда.Оқу орталығы автокөлік жүргізу куәлігінің 13 категориясы бойынша білім береді. Бүгінде мұнда 3 топ жол жүру ережелерін теориялық негізде меңгеріп жатыр. Әр топта тыңдаушылар саны сұранысқа қарай өзгеріп, 3 адамнан 30 адамға дейін қамтылады. Теориялық сабақтарда жол қозғалысы ережелері, қауіпсіздік талаптары, жүргізушінің жауапкершілігі мен құқықтық нормалар жан-жақты түсіндіріледі.
Теорияны толық меңгергеннен кейін тыңдаушылар практикалық сабақтарға көшеді. Практика барысында автокөліктің ішкі құрылысы, техникалық қауіпсіздік, жүргізу дағдылары мен жол үстіндегі нақты жағдайларда әрекет ету тәсілдері үйретіледі. Сабақтар тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен өткізіліп, әрбір курсанттың жеке қабілетіне мән беріледі.
Оқу бағдарламасын толық аяқтаған тыңдаушыларға оқуды бітіргені туралы куәлік беріледі. Бұл құжаттың жарамдылық мерзімі – 2 жыл. Осы уақыт аралығында курсанттар ХҚКО-да жол жүру ережелері бойынша теориялық тест тапсырып, кейін облыс орталығындағы ХҚКО-да практикалық автокөлік жүргізу сынағынан өтеді. Барлық кезеңдерден сәтті өткен азаматтар ғана заңды жүргізуші куәлігін алады.
Биыл оқу орталығының жұмыс қарқыны жоғары. Жыл басынан бері 13 топ жасақталып, 200-ден астам адам білім алған. Бұл орталыққа деген сенім мен сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.
Материалдық-техникалық база да заман талабына сай. Орталықта 6 жеңіл автокөлік, автокөлік жүргізуді үйрететін арнайы тренажер, сондай-ақ 4 толық жабдықталған оқу класы бар.
Сабақ барысында жол жүру ережелері, автокөлік құрылысы және қауіпсіздік тақырыптары бойынша түрлі көрнекі құрал кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар оқу үдерісінде интерактивті тақта мен ақпараттық технологиялар қолданылып, тыңдаушылардың білімді тез әрі сапалы меңгеруіне мүмкіндік жасалған.
«Otan Kazaly» өндірістік оқу орталығы тек жүргізуші куәлігін алуға жол ашатын мекеме ғана емес, жолдағы тәртіп пен қауіпсіздікті бірінші орынға қоятын жауапты жүргізушілерді қалыптастыратын білім ордасы. Алдағы уақытта да орталық кәсіби кадрлар даярлау ісін жалғастырып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді көздеп отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













