Қазалыда Энергетиктер күні аталып өтілді
Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында ел экономикасының тұрақтылығы мен инфрақұрылымын дамыту жолында еңбек етіп келе жатқан энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай мерекелік қабылдау өтті.Мерекелік жиынға қатысқан аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сала қызметкерлерінің аудан экономикасының дамуына қосқан ерекше еңбектерін атап өтіп, мерекемен құттықтады.
- Энергетика – бұл жай ғана кәсіп емес, бұл – бір рет таңдалған мамандыққа деген жауапкершілік пен адалдық. Елдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ең негізгі саладағы қызметкерлердің қоғамдағы орны өте ерекше. Үйіміздегі жарық пен жылу, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардың үздіксіз жұмысы – сала мамандарының жыл мезгілімен санаспай, тәулік бойы тынымсыз еткен еңбектерінің нәтижесі. Күні кеше ғана Қазалы электр тарату торабының электромонтері Алданыш Жомарт Іскендірұлы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Марапатты ҚР энергетика министрі Ақкенженов Ерлан Құдайбергенұлы өзі табыстады. Бұл марапат 35 жылдан бері осы салада тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Жомарт Іскендірұлы мен аудандағы барша энергетика саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген сала мамандарына берілген лайықты құрмет деп білеміз. Сіздердің еңбектеріңіз барша адамға жылулық пен тұрақтылық сыйлайды. Адал қызметтеріңіз бен аса жауапкершіліктеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, - деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Жиында ауданның энергетика саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар сала үздіктеріне ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек сіңірген энергетик» және «Құрметті энергетик» төсбелгілері, облыс әкімі орынбасары мен аудан әкімінің, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының «Алғыс хаттары» табысталды.
Мерекелік басқосуда аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш сала қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне орай ізгі лебізін жеткізсе, энергетика саласының ардагерлері Балықбай Төреханов пен Жақып Мейрамбек мерекеде құрмет көрсетіп жатқан аудан басшысы мен барша азаматтарға шынайы ризашылықтарын жеткізді.
Биыл Қазалы ауданында тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамту бағытында жалпы құны 2.4 млрд. теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асуда. Олар Қожабақы ауылының электр желілерін қайта жаңғырту, Қазалы қаласының электр желілері мен қондырғыларын қайта жаңғырту және Әйтеке би кентінен ПС 35/10 Кв қосалқы стансасының құрылысы. Аталған нысандардың барлығы келер жылы толықтай аяқталатын болады.













