Ұрпаққа мирас Тәуелсіздігің, теңдігің, Мәртебең өссін, мәңгілік болсын елдігің!
Тәуелсіздік бізге оңай жолмен келген жоқ. Азаттық үшін, бостандық үшін, егемен ел атану үшін жүргізілген күрес. Рухы мен жанын шүберекке түйіп, тәні мен қанын сарп еткен қаралы күндер. Бұлқынған алып күш. Қаймықпаған қайсар мінез. Тарландар толқынысы тулап, Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ал оны сақтау, баянды ету, ұрпаққа аманаттау – ұлы борыш.Міне, Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына биыл 34 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстан аяғынан нық тұрып, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекетке айналды. Өрісі өрледі, кәсібі кеңейді, экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, ел еңсесі көтерілді. Қарыштап дамыған елдермен иық тіресіп, жаһандық қауқарлы елге айналу жолында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Алайда өткенге шегініс жасап, азаттықтың бізге қалай келгенін естен шығармағанымыз абзал.
Біздің тарих мақтана алмайтын қанды оқиғаға толы. Әр жерде тоз-тоз болған ұлтын біріктіріп, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің келешекке аманаттап кеткен игі ісін ұрпақтар жалғастырды. Зұлмат жылдары қазақ ұлтын жер бетінен жойып жіберуге күш салған жоңғар мен қалмақтың, Хиуа хандығының тегеурініне төтеп бердік. Патшалық Ресей мен қанқұйлы КСРО-ның уысынан шығу үшін 300 жылда талай мәрте бұлқындық. Айқастық. Егемендікті алдық. Желтоқсанның қылышынан қаһар төгілген сәтте қазақ жастары ыдырамастай көрінген, тұғыры биік көрінген коммунистік идеологияның іргесін сөкті. Азаттықтың ақ таңы атты. Тәуелсіздік жылдары. Осындай тарих үшін сындарлы кезеңде егемен еліміз еңсесін тіктеп, туын көкте желбіретті. Татулық пен бірліктің арқасында көптеген игі істерге мұрындық бола білді. Жаңарды, жасарды. Оның қатарында ғасырға жуық тарихы бар Қазалы ауданының Тәуелсіздік жылдарында қосқан үлесі аз емес. Жарқын жобалар жемісін беріп, сапалы нысандар бой көтеруде. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, демалыс орындары тұрғындар игілігіне берілуде.
Аудан экономикасы жыл сайын өрлеп, өңір өркендеу үстінде. Аудан барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындарға тұрақтаған. Әрине, мұндай көрсеткішке қол жеткізудің бастауында тынымсыз еңбек пен ауқымды жұмыс тұр. Елдің тұтастығын, береке-бірлігін, ынтымағын ту етіп көтерген тарихи тұлғалар Әйтеке бидің 380 жылдығы мен Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттік. Жаңа баспана кілті табысталып, алдағы табысталар үйлердің құрылысы қарқынды жүруде. Спорт кешені, ауылдық клуб үйлері, жайлы мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді. Бірнеше ауыл «көгілдір отынға» қосылды. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы 7 шақырымдық жолға күрделі жөндеу жұмыстары аймақ басшысының қолдауымен қайта жанданды. Төрт жолақты жол пайдалануға берілді. Биыл осы жолдың жарықшамдары қосылады. «Қазалы» мәдени-демалыс кешені, орталық алаң, теміржол вокзалы жанындағы Әйтеке би алаңы, Жанқожа батыр көшесінің бойындағы «Руханият» сквері сынды орындар бүгінде аудан халқы мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарына айналды. Аудандағы абаттандыру жұмыстарының ең ауқымдысының бірі – «Қазалы» мәдени-демалыс кешені. Аумағы 20 гектар бұл кешен облыс бойынша ең үлкен саябақтың бірі саналады. Кешен екі бөліктен тұрады: отбасылық демалыс саябағы және «Жеңіс» саябағы. Мәдени-демалыс кешенінде «Даңқ», «Тағзым», «Киелі қазақ елі», «Ғашықтар» аллеялары және отбасылық мейрамханалар мен тамақтану, демалыс орындары, спорт және балалар ойын алаңдары, атракциондар, аквапарк, субұрқақтар, жасанды көлшік сынды тағы басқа нысандар бар. Заманауи талаптарға сай жабдықталған саябақ аудан тұрғындары мен қонақтарының саламатты өмір салтын ұстануына, отбасы мүшелерімен бірге тиімді уақыт өткізуіне мүмкіндік береді. Ал қайта жаңғыртылып, абаттандырылған орталық алаңда балаларға арналған ойын алаңдары, отбасылық тамақтану орындары, заманауи орындықтар мен түрлі жарықшам, керемет субұрқақ орнатылған, әдемі гүлдер, ағаш көшеттері егілген. Прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілсе, бірнеше жылдан бері құрылысы тоқтап қалған «Қарлан» учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазір Әйтеке би кентіндегі 120 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөнделіп, жанындағы теміржол өткелі де қайта салынып, құрылысы қарқын алған. Бұл нысандарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Әйтеке би кентінде, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені, аудан орталығы мен елді мекендерде демеушілік есебінен спорт және ойын алаңдары салынуда. Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб пайдалануға берілді. Аудан бойынша кезек-кезегімен көшелер жөнделуде. Елді мекендер ауызсумен қамтылуда. Көрсеткіш нәтижесі биыл 100 пайызды құрамақ. Жалпы ауданда атқарылған жұмыстардың легі аз емес. Ел егемендік алған сәттен бастап Қазақстан дамудың үстінде. Алпауыт елдермен иық тіресіп, жаңа жобаларды жүзеге асырып, заманауи технологияларды игеруде.
Біз 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті көзімізбен көрген жоқпыз. Ал 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін көзбен көріп, оның бел ортасында жүрген зұлмат жылдың куәгерлерін көзбен көріп жүрміз. Олар біздің арамызда. Тәуелсіздік жолындағы олардың бастан кешкен қиындықтарын біз де бірге сезіне алдық. Қазақтың жері талауға түсті. Ядролық сынақтар алаңына айналдық. Діні қолдаусыз, тілі қамқорлықсыз қалды. Осындай кезеңде елдің жас қайраты ұрандап алаңға шықты. Теңдікті талап етті. Маңдайлары тасқа соғылды. Қуғын-сүргінге ұшырады. Бірақ ұлттық рухы жасыған жоқ. Ызғарлы желтоқсандағы қаралы күндер жанымызға қаяу салды. Жарасы әлі күнге дейін жазылмады. Біз тәуелсіздіктің оңай келмегенін, тарих көшіндегі ата-бабамыздың арманы – азат ел болуын түсінген, түйсінген ұрпақпыз. Ендігі келер ұрпаққа бұл жолдың маңызы мен мазмұнын айту, дәріптеу біздің борышымыз.
Тәуелсіздік алғалы бері жыл сайын бұл мерекені атап өту дәстүрге айналды. Мереке емес, боздақтарды, желтоқсаншы батырларды еске алып, аза тұту күні дегеніміз әсте дұрыс болар?! Осы күнге орай халық бір күн демалады. Биыл бұл айтулы күн сейсенбіге сәйкес келеді. Сондықтан меркелік демалыс 16 желтоқсан өз датасында беріледі.
Иә, біз – егеменді елміз. Бүгін – байтақ еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн. Бабалар аңсаған азаттықты ақиқатқа айналдырған еліміз үшін теңдесіз күн! Тәуелсіздік – қазақ үшін, еліміз үшін ғажап құт. Қалықта биік алтын қанат – Азаттық!
Айнұр ӘЛИ













