Қарекет те, қарқын да бар
Бүгінде аудандағы құрылыс саласы тек экономиканың қозғаушы күші ғана емес, сонымен қатар елді мекендердің әлеуметтік келбетін жаңартатын басты бағытқа айналды. Ауданда жыл сайын жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер бой көтеріп, әрбір ғимарат өз сәулетімен ерекше айшықталып, аумақтың көркін арттыруда.Соңғы бес жыл ішінде аудан орталығында бұрын-соңды болмаған құрылыс қарқыны байқалады. Кең әрі жарық қоғамдық ғимараттар, заманауи спорт кешендері, білім мен денсаулық сақтау саласына арналған жаңа нысандар – барлығы да аудан ажарын арттыру мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Әрбір жаңа құрылыс Қазалының сәулетіне сән қосып, әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуда.
Ал биыл аудан аумағында қандай ілкімді жобалар қолға алынды және құрылыс жұмыстарының қарқыны қандай деңгейде? Бұл сауалға жауап алу үшін аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айдан Ниязовқа хабарластық.
Айдан Маратұлының айтуынша, аудан көлемінде бірнеше әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын сәтті аяқтауға бағытталған жұмыстарда айтарлықтай ілгерілеу бар. Бүгінде бірқатар құрылыс нысандары толық аяқталып, біршама жұмыстар жүзеге асырылған.
– Қазалы ауданы соңғы жылдары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берген құрылыс жобаларымен ерекшеленіп келеді. 2025 жылы бұл үрдіс бұрынғыдан да күшейе түсті. Аудан бойынша барлығы 11 ірі нысанның құрылысы жоспарланып, республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден 5,2 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Жобалардың бесеуі – өткен жылдан өтпелі, ал алтауы – жаңа жобалар. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бұл нысандар өңір келбетіне өзгеше өң беріп қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға зор ықпал етеді, – дейді ол.Жасыратыны жоқ, ауданда бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстар соңғы жылдары айрықша қарқын алды. Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағы аумағында салынған жаңа спорт кешені соның анық көрінісі. Бұл нысан тек құрылыс саласының емес, аудан жастарының болашағына жасалған үлкен инвестиция ретінде бағалануда. Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан спорт кешені – өңірдің спорттық инфрақұрылымын кеңейтіп, жастарды салауатты өмір салтына баулуға тың серпін беретін жобалардың бірі. Құны 628,743 миллион теңге болатын жоба «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы қаржыландырылуда.
2024-2025 жылдары бұл мақсатқа 378,758 миллион теңге бағытталған. Ал биылдың өзінде-ақ 321,9 миллион теңге игеріліп, нысан құрылысында айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Қазіргі уақытта спорт кешенінің құрылыс алаңында жұмыстың жүйелі әрі қарқынды жүргізіліп жатқаны анық аңғарылады. Ғимараттың іргетасы толық құйылып, бірінші қабаттың кірпіш қалау жұмыстары аяқталған. Ішкі кәріз жүйелері төселіп, қажетті инженерлік инфрақұрылым да қамтылған.Жұмыс көлемінің біршамасы аяқталған. Іргетас құйылып, 10 кВ электр желісі тартылып, КТПН орнатылған. Бұдан бөлек, ауыз су желісі жүргізілген. Қазір темір қаңқалар толық тігіліп, сендвич панельмен қаптау басталды. Бүгінде құрылысшылар екінші қабаттың кірпіш қалауымен айналысып, ригельдер мен колонналарды монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң кешеннің ішкі әрлеу және жабдықтау кезеңі басталмақ. Спорт кешені дайын болғанда, тек жаттығу мен жарыс өткізу орны ғана емес, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған көпфункционалды кеңістікке айналады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын тәжірибесі мол «Болашақ» ЖШС орындап жатыр.
Құрылыс жұмыстары ауданға қарасты ауылдарда да қарқын алған. Қожабақы ауылында салынып жатқан спорт кешені 537,1 миллион теңгелік жобаға «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 395 миллион теңге бөлінген. Бүгінде спорт ғимаратының іргетасын, коллонналарын құю және сыртқы қабырғаларын кірпіш қалау жұмыстары аяқталып, ішкі, сыртқы кәріз жұмыстары, сыртқы ауыз су желісі жүргізілген. Сонымен қатар жобаға сәйкес калоналар жасалып, монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құрылыс жұмыстары 40 пайызға орындалған. Спорт кешенінің құрылысы келер жылға толықтай ақяталып пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл кешен ауыл спортын жаңа деңгейге шығарып, жасөспірімдердің дене тәрбиесімен айналысуына кең мүмкіндік береді. Мердігер мекеме – «Намыс-Құрылыс» ЖШС.
Бекарыстан бидегі бұқара да енді спортқа ден қояды. Бұйырса, құрылыс жұмыстары нысандары аяқталса, жастар спорт алаңына ағылмақ. Бүгінде ауылдағы ағайынның көптен күткен спорт кешенінің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Жоба құны – 398,494 миллион теңге.
2024-2025 жылдарға 358,646 миллион теңге, ал аудандық бюджеттен 39,848 миллион теңге бөлінген. Спорт кешенінің іргетасының колонналарына бетон құю жұмыстары, 10 кВ электр желісін және ауыз су желісін жүргізу жұмыстары жасалды. Қазіргі таңда темір қаңқалары тікейтіліп монтаждау жұмыстары жүргізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстарының 40 пайызы орындалды. Спорт кешенінің құрылысымен мердігер мекеме «Жылу ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серістестігі мекемесі айналысуда.
Майдакөлде де мардымды жұмыстар барын байқадық. Бөлім басшысы Айдан Маратұлының сөзіне сенсек, мұнда мәдениетке дем беретін жаңа ошақ салынуда. Құны 399,133 миллион теңге болатын мәдениет үйі – Майдакөл ауылының рухани орталығына айналатын ерекше жоба. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 90%-ы аяқталған.
Нысанның сыртқы қабырғасы ленар панельмен қапталып, ішкі қабырғалары сыланған. Терезелері орнатылып, ішкі-сыртқы кәріз жүйелері жүргізілген. Аула аумағы брусчаткамен төселген. Бұл мәдениет ошағы ауылда түрлі іс-шараларды өткізуге, өнер ұжымдарының жұмысын дамытуға, жастардың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Намыс-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нысан аумағын абаттандыру жұмыстарын толық жүргізді. аталған нысан бірер күн бұрын пайдалануға берілді.
Ауданда құрылыс нысандары көбейген сайын электр қуатына қажеттіліктің туындап жатқаны жасырын емес. Электр энергиясын таратуда тапшылық болмас үшін қосалқы станса салу жоспарға енген-ді. Биыл соның құрылысы бастау алды.
– Ауданның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ПС-35/10 кВ қосалқы станциясының жобасының құны 1 миллиард 371 миллион 632 мың теңгені құрайды. Биылғы жылы бөлінген 378 миллион 221 мың теңге қаражат толық игерілді.
Қазіргі таңда 35/10 кВ «Жанқожа батыр» қосалқы стансасына 2 дана 10 000/35/10 кВА трансформатор және қосалқы станцияларға арналған блок-модульдік ғимараттар толық орнатылып, монтаждау жұмыстары аяқталды. Жабдықтар 72 сағаттық тексеруден сәтті өтіп, ток көзіне қосылды. Сонымен қатар 110/35/10 кВ «Әйтеке би» қосалқы стансасының кеңейту жұмыстары жоғары сапада аяқталды. Бұдан бөлек, 32 дана темір-бетон бағаналар мен 4 дана металл бағаналар орнатылып, 4,4 шақырым 35 кВ әуе желісі жүргізілді. Биылғы жылға құрылыс жұмыстарына бөлінген қаржы толықтай игерілді. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Энергомера» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызын орындап отыр. Нысан – 2026 жылға өтпелі. Бұл жоба ауданның электр жүйесін нығайтып, электр энергиясының сенімділігін арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық шара болып табылады. Құрылыс жұмыстары жоспарлы мерзімде әрі сапалы жүргізілуде, – дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айдан Ниязов газадандыру бағытындағы жұмыстардың барысын баяндап, жобаның қарқыны мен ауқымын атап өтті. Оның айтуынша, газдандыру жұмыстары жоспарға сай әрі сапалы түрде жүргізілуде, бұл ауыл тұрғындары үшін айрықша әлеуметтік мәнге ие.
– Қазіргі таңда жоба аясында бес ауыл – Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев толық қамтылған. Жалпы құны 3 734,181 миллион теңге болатын бұл жоба аудан көлеміндегі ең ірі және кешенді инфрақұрылымдық бастамалардың бірі саналады. Қазіргі кезеңде құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталып, 56,9 шақырым жоғары қысымды магистраль тартылған, ал 5 дана ГРПШ орнатылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, газ жүйесін үрлеп тексеру жұмыстары басталған. Жоба толық аяқталған кезде ауыл тұрғындары өз үйлерінде қауіпсіз әрі тұрақты газдандыру қызметін ала алады. Ауқымды жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асыруда жауапты мердігер «Отау-Строй» ЖШС. Компания барлық жұмыстарды талапқа сай орындап, нысанды 2026 жылы толық пайдалануға беруге әзірлік жүргізіп жатыр, – дейді ол.
Бөлім басшысымен әңгіме барысында аудан аумағындағы құрылыс жұмыстарының жүйелі әрі байыпты жүргізіліп жатқанын бағамдадық. Әсіресе, тұрғындар көптен күткен әлеуметтік жобалардың біртіндеп жүзеге асуы ел ішінде оң әсер мен қуаныш сыйлап отыр. Мысалы, Ақтан батыр ауылының көгілдір отынға қол жеткізуі – осының нақты дәлелі. Сол ауылдағы ағайын жаз маусымында бұл игілікке қол жеткізіп, тұрмыстары жеңілдеді.
Ауылға ішкі газ желілерін тарту жобасының құны 354,080 миллион теңгені құрайды. Жоба 2024-2025 жылдарға толық қаржыландырылып, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталды. Инженерлік желілер толық жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарына сай тексеріліп, 16 шілдеде нысан ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл істің сәтті жүзеге асуына өз кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын «Орда-Құрылыс» ЖШС айтарлықтай үлес қосты. Мердігер жұмысты сапалы орындап, жоба талаптарын мінсіз орындаған.
Ауданның сәулеттік келбетіне ерекше әр беріп, мәдени-әлеуметтік орталықты жаңа деңгейге көтерген нысанның бірі – «Руханият» ғимараты екені даусыз. Бұл кешен бой көтергелі бері Әйтеке би кентінің жалпы архитектуралық үйлесімі жаңаша сипат алып, Қазалының көркіне көрік қосты. Тіпті, тұрғындар арасында да жаңа ғимарат ауданның символына айналды деген пікірлер жиі айтылады.
Құны 1,822 миллиард теңгені құрайтын ауқымды жобаның бүгінде құрылысы толық аяқталып, 1 шілдеде ресми түрде пайдалануға берілді. Аталған қазір мемлекеттік қызмет көрсетуші бөлімдердің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап отыр.
Ғимараттың сыртқы архитектуралық келбеті заманауи үрдістерге сай болса, ішкі жоспарлануы мемлекеттік мекемелердің функционалды талаптарына лайықталған. Кең әрі жарық кабинеттер, заманауи инженерлік жүйелер, қолжетімді қызмет көрсету алаңдары тұрғындарға қызмет көрсетудің сапасын арттыруға бағытталған.
Ауқымды жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтап шыққан мердігер «Асар» ЖШС-нің еңбегі де айрықша. Компанияның кәсібилігі мен тәжірибесі арқасында аудан орталығында жаңа форматтағы әкімшілік кеңістігі пайда болды.
Ауданда жүзеге асып жатқан әлеуметтік маңызы зор жобалардың қатарында 42 төсектік жаңа медициналық ғимарат бар. Бұл – ауданның денсаулық сақтау саласындағы ұзақ жылдар бойы шешімін күткен мәселелердің біріне нүкте қойып, ауыл халқына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кешенді жоба. Құны 1,922 миллиард теңгені құраса, келісімшарт сомасы 1,848 миллиард теңге көлемінде бекітілген. Мекеме жобасын әзірлеген «Мекен и К» ЖШС-нің құжаттары 2024 жылдың 4 қазанында мемлекеттік сараптамадан сәтті өтіп, құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сай жүруде. Бүгінде нысанның құрылыс барысы тұрақты бақылауда, ал ғимарат жыл соңына беріледі деп жоспарлануда.
Бұл жаңа нысан – ауылдық аймақтарға медициналық қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталып, науқастарға сапалы әрі жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді. 42 төсек-орындық орталық ауданның демографиялық өсіміне, ана мен бала денсаулығын қорғауға, созылмалы ауруларды бақылауға, уақытылы диагностика мен емдеу шараларын ұйымдастыруға айтарлықтай септігін тигізбек.
– Ауданда құрылыс, сәулет және қала құрылысы бағытында атқарылып жатқан жұмыстар – өңірдің әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеп келе жатқанының жарқын дәлелі. Қазіргі таңда ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, газ тарту, спорт және мәдени нысандар тұрғызу, қосалқы электр стансаларын іске қосу мен денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Құрылыс барысында жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы басты назарда. Әрбір нысанның белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі – жергілікті билік пен құрылыс мекемелерінің үйлесімді жұмыс істеуінің жемісі. Ең бастысы, бұл жұмыстар халықтың тұрмысын жеңілдетуге, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Сондықтан құрылыс қарқыны бәсеңдемей, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек, – дейді Айдан Ниязов.
Тобықтай түйін: Несін жасырайық, аудандағы құрылыс жұмыстарының қарқыны көңіл қуантады. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың салынуы мен инфрақұрылым жүйелерінің жаңаруы – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асқан жобалар өз жалғасын тауып, ел игілігіне тиімді қызмет ете беретініне нық сенім бар.
Арайлым ЖҮСІПОВА














