Құрылыста қам қалай?
Аудандағы құрылыс саласы мамандарының атқарар жұмысы ауқымды. Бүгінде өңірде бірнеше нысанның құрылысы қарқынды жүруде. Алдағы уақытта аудан, ауыл ажарын ашып, көпке көмегін тигізер бірнеше нысан бой көтермек. Ол – Бекарыстан би және Майдакөл ауылдарындағы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешені мен 100 орындық ауылдық клуб құрылысы.Аудан көлеміндегі құрылысы жүріп жатқан аталмыш нысандарға зерделеу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Құрылыстың қарқынды жүргізілуі тиісті мекемелер тарапынан ұдайы бақылануда. Жақында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қос нысанға барып, құрылыс жұмыстарының барысын көрді. Аталмыш ғимараттар құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бұл жобалар – елді мекендердің әлеуметтік-мәдени әлеуетін арттырып, ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне және шығармашылығын дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Спорт кешенінің құрылысымен мердігер мекеме «Жылу ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серістестігі, Майдакөл ауылындағы ауылдық клуб құрылысымен «Намыс-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Аудан басшысы тиісті сала басшылары мен мердігер мекеменің басшысына нысандардың құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды. Екі нысанның да құрылыс жұмыстарын желтоқсан айында толықтай аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беру жоспарлануда. Иә, қатар талап пен тұрақты жұмыс болғанда ғана сапалы нәтиже көрсетеді.
А.АЙДАРҚЫЗЫ













